Мәдениет пен әдеп әрбір азаматтың өзінен басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы — жаңа дәуірдің талаптарына толық сай келетін, халқымыздың болашағын айқындайтын стратегиялық құжат деп бағалаймыз.

Президентіміз атап өткендей, бүгінгі қоғамда мәдениет пен әдеп мәселесі өте өзекті болып отыр. Ардагерлер қауымы да жас буынға үлгі көрсетіп, сыпайылық пен сыйластықты насихаттау арқылы ел ішіндегі тыныштықты сақтауға атсалысуға тиіс. Қазақ «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қағиданы өмір салтына айналдырған халық. Сондықтан қоғамдық орындардағы орынсыз айқай-шу, дөрекі қылықтар біздің ұлттық болмысымызға қайшы, оны түбегейлі жою қажет деген Президенттің сөзін толық қолдаймыз.

Сонымен бірге, Жолдауда айтылған патриотизмнің жаңа қыры — жасампаздық пен жаңашылдыққа негізделуі ерекше назар аударарлық. Шынында да, қазіргі жастардың көзқарасы өзгеріп келеді. Олар үшін отансүйгіштік тек ұраншылдық емес, ел дамуына нақты үлес қосу, ғылым мен технологияны меңгеру, жасанды интеллект пен цифрлық саланы игеру арқылы Қазақстанды өркениетті елдер қатарынан көру болып отыр.

Ардагерлер буыны ретінде біз жастарға тәлім-тәрбие беруде әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз. Ел Президентінің «Мәдениет пен әдеп әрбір азаматтың өзінен басталады» деген сөзі — әр отбасының ұстанар ұраны болуы тиіс. Жастардың бойына рухани байлықты, ізгілік пен еңбекқорлықты дарытсақ, елімізді ешқандай қиындық еңсере алмайды.

Индер ауданы ардагерлері Мемлекет басшысының Жолдауын толық қолдай отырып, әділеттілік, даму және оптимизм құндылықтарын насихаттауды басты парыз деп біледі. Бұл — ел бірлігін нығайтып, Қазақстанды жарқын болашаққа бастайтын ең сенімді жол.

 Құнас Бағытжан Ниетқалиұлы

Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT