Жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айбек Паяев Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің қабылдауында болды.
Мәжіліс депутаты екінші күнгі жұмыс сапарын Махамбет ауданы Сарайшық ауылында жалғастырды. Қазақ даласындағы ең көне орындардың бірі - Сарайшық ауылындағы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына барған Айбек Паяев аймақтың киелі тарихымен танысты.
Кейіннен ауылдағы «Мәдениет үйінде» жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындары Ескі Сарайшықты көшіру, ауыз су мәселесі, зейнетақы қорындағы қаржыны зейнетке шыққан бойда аудару, жас мамандарды ауылға жұмысқа тарту, азық - түлік бағасын төмендету секілді өзекті мәселелерді көтерді.
Кейіннен Бейбарыс ауылына барып, «Первомайское» шаруа қожалығының ұжымымен кездесіп, өңірдегі басты проблемаларды білді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойғанын айтып, 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға белсене қатысуға шақырды.
Айбек Паяев аймақтағы басты және республикалық деңгейде қозғалып отырған өзекті мәселелер бойынша арнайы депутаттық сауал жолдайтынын мәлім етті. Атырау облысына екі күндік жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты жұмыс соңында облыс әкімі Серік Шәпкенов кездесіп, мәселелерді талқылады.
Алдағы уақытта аталған мәселелерді бірлесе шешімін табуға сенім білдірді.