«КӨЛІК ЖҮРГІЗУ МӘДЕНИЕТІНЕ КӨБІМІЗ КӨҢІЛ БӨЛМЕЙМІЗ»

«ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ ӘРҚАШАН БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАУҒА ТИІС ТАҒЫ БІР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ – ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ... ШЫН МӘНІНДЕ, БІЗ ЖЫЛ САЙЫН ІРІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ХАЛҚЫНАН АЙЫРЫЛЫП ОТЫРМЫЗ. БҰЛ – ЕЛІМІЗ ҮШІН НАҒЫЗ ҚАСІРЕТ. БІЗ АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫ ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ ЕКЕНІН ҮНЕМІ АЙТАМЫЗ. СОНДЫҚТАН ЖАҒДАЙДЫ ТҮЗЕУ ҮШІН ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК. ЕҢ АЛДЫМЕН, БАРЛЫҚ АЗАМАТТЫҢ НАЗАРЫН ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕЛЕРІН МҮЛТІКСІЗ САҚТАУҒА АУДАРУ КЕРЕК», - ДЕГЕН БОЛАТЫН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНДЕ.

Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан жол қауіпсіздігін бақылауды арттыратын инфрақұрылым белсенді жүре бастады. Елімізде ірі қалаларды айтпағанда Индербор кентінің өзінде жол қиылыстарында бейнебақылау камералары орнатылуда. Жол қауіпсіздігін үнемі бақылап жүретін жол сақшыларының да көлігін күнделікті көшеден кезіктіресің. Жасыратыны жоқ, айыппұл да аз емес. Алайда жол апатынан адам өлімі азаяр емес.

Жолаушыларды тасыған күнделікті жұмысымда байқайтыным, жүргізушілердің бірқатары басты жолдамын деп көлікті ештеңеге алаңдамай жүргізеді. Жол бойынан қиып өтер екінші дәрежелі жолдан көлік шығып қалар-ау деп ескере бермейді. Ал ол көліктің руліндегі жүргізушінің жүру ережесін білмеуі немесе мас болуы әбден мүмкін. Немесе көшенің кейбір тұстарынан басты жолдағы көлікті байқамай да қалады. Ақиқатында осындай бұрылыстардан көлік апаты жиі орын алып жүргеніне куәміз.

Жол ережесі бойынша елді мекендерде жүргізушілер белгіленген маршрутпен жүріп келе жатқан, белгіленген аялдамалардан жүруді бастайтын автобустардың жүргізушілеріне жол беруі тиіс. Бұл ережені қалаларда көлік жүргізушілері қатаң сақтайды. Ал, бізде, шыны ке - рек, оны қаперіне де алмайды. Яғни жолда жүру ережесін білмейді деген сөз. Қазір «қорқатын болсаң, таксиге отырма» дейтін болдық. Қалаға жолаушы тасымалдайтын таксилердің де көбі жылдамдықты асырады. «Кішкене жай жүрсеңші» деп ескерткенімде бірқатары көңілдеріне алады. Ақыры осындай жауапсыз жүргізушілер өзін ғана емес, жолаушысына зардап шектіреді.

Мысалы, өзім жылдамдықты 140-қа дейін асырмаймын. 80-мен жүріп-ақ талай жерге барып келемін. Әрі кетсе 100 болар. Сосын көліктің тілін білмей жүргіземіз. Қай жері үзіліп, бұзылайын деп тұрғанына назар аудара бермейтініміз де анық. Ал ондай немқұрайлылық апатқа ұрындырары кәміл. Кеңес Одағының пайдалы тұстарын жоққа шығаруға бол - майды. Мысалы, жүргізушілерді 6 ай сайын техминимумнан өткізіп отыратын. Әсіресе, көп адам тасымалдайтын автобус жүргізушілеріне қойылатын тәртіп қатаң еді. Көлік жүргізу куәлігіне құқық беретін емтихандай тапсырып өтеміз. Қазір оның бірі де жоқ қой. Жолдың да сапасыздығы жол- көлік оқиғасына әсер етеді. Бірақ жол-көлік апаттарының бәрін бірдей жолдың сапасыздығына теліп қоюға болмайды ғой.

Индердің ішінде де жол қозғалысында күнделікті ұсақ- түйек кемшіліктер де кездесіп отырады. Мысалы, ереже бойынша жолдағы ұзын жолақты басып өтуге болмайды. Ал алдымдағы көлік кенет жол бойына келіп, кілт тоқтайды. Таксилер болса, жолаушы алады. Тіпті көлігін алаңсыз қойып кете беретіндер де кездеседі. Ал ұзын жолақты басып өтсең жолда жүру ережесін бұзғаның, айыппұл арқалайсың. Автобус толы жолаушыларды алып келе жатқанда алдымдағы көлік иесі қашан көлігін алар екен деп күтіп тұрмаймын ғой. Амалсыз ұзын жолақты басып өтуіме, сөйтіп амалсыз жол ережесін бұзуыма тура келеді. Бұл жүргізушілердің арасындағы мәдениеттілікке жатпайды. Бұл адамгершілігіміздің азайып, пейіліміздің тарылып кеткендігі деп ойлаймын.

Өкінішке қарай, жылда жол апатынан адам өлімі тіркеліп отыр. Күні кеше де бір жас жігіт қыршыннан кеткенін естідім. Әттеген-айы, кейбіреулер «бұл Алланың ісі ғой» дейді. Иә, маңдайымызға жазып қойғаны болар. Бірақ Алланың бұйрығы солай деп лажсыздық таныта беру жөн бе? Алла бізге он екі мүшемізді сау етіп берді. Әрмен қарай қауіпсіздікті сақтау өзімізге байланысты емес пе? Неге көпе-көрнеу өрескел қателікті жіберіп ала - мыз да, Алланың ісі ғой деп жылы жабуға тырысамыз. Меніңше үйретуден бе, әлде қазіргі жастардың үйренуі нашар ма? Қайткен күнде де олқылық бар. Айтарым, жа - старды тәртіпке салмағанмен, аз да болса санасына тисе екен деп ойлаймын.

Әрине, қателік қандай тәжірибелі жүргізуші болса да болуы мүмкін. Бірақ қайткен күнде де ең алдымен сақтық шаралары басты назарда болуы тиіс.

Ағыбай ОМАРОВ,

тәжірибелі жүргізуші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT