Кітапханашыны кім ескереді?

Еңбекақысы өсуге жататын педагог лауазымдарының тізбесі бекітілген бұйрық шықты. Осы бұйрыққа сәйкес мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері де 56 күн еңбек демалысын алатын болды. Ол бұрын 42 күн еді. Алайда, тізбеге мектеп зертханашылары мен кітапханашылары енбей қалған.

Мектеп кітапханашылары қазір не Мәдениет министрлігінен, не Білім және ғылым министрлігі тарапынан да лауазымдық еңбекақысы көтерілмей қалған тұлғалар болып отыр. Аталмыш мәселені республикалық «Егемен Қазақстан» газеті де көтеріп, сала өкілдерінің жанайқайын құзырлы орындарға жеткізді. Ашығын айту керек, мектеп кітапханашысының кім және атқаратын қызметі қандай екені құжат жүзінде анық болғанымен оларға заң тұрғысынан, адам факторы тұрғысынан тиісінше дәрежеде қолдау көрсетілмегені белгілі болып отыр. Мектеп кітапханашылары техникалық қызметкер болғандықтан мамандық иесі бола тұра олардың айлығы да өте аз.

Аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Гүлнүр Дәуітованың айтуынша, мектеп кітапханаларында 17 кітапханашы қызмет етеді. Оның ішінде жоғары білімді кітапханашылар саны-3, орта білімді кітапханашылар-9, басқа педагогикалық мамандықтар бойынша-5 кітапханашы жұмыс жасайды. 14-і өз кезектерімен білім жетілдіру курстарынан өткен және 14-і толық, 3-уі жарты ставкалық жүктемемен жұмыс жасайтын көрінеді. Аудан бойынша жалпы кітап саны – 565072 дана, оның ішінде оқулықтар – 422346 дана, әдістемелік құралдар – 42617, көркем әдебиет 100109 дана. Білім алушыларды осынша оқулықтармен қамтамасыз ету және беру тәртібі талапқа сай жүргізілуде. Кітап қорының сақталуы, орналасуы, ББК таблицасы бойынша қойылуы өз дәрежесінде.

Аудан бойынша барлық мектептер өз қорларында жетіспейтін оқулықтарды бір-бірінен өзара мектепаралық байланыс арқылы пайдалануда. Бұл жағдай жылда өткізілетін аудандық білім бөлімінің кеңесінің шешімі негізінде немесе жоғарыда аталған №44 бұйрықтың негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан да аудан бойынша күні бүгінгі оқулықпен қамтылу 100 % -ды құрайтынын айтады бөлім әдіскері. Кітапхана жұмысын мейілінше дөңгелентіп отырған еңбеккерлердің мардымсыз жалақымен жұмыс жасауы ақылға қонымсыздау сияқты. Бұл бағытта «Көктем» қазақ орта мектебінің кітапханашысы Зәуреш Әзербаеваның да айтары бар. -Өзім ұзақ жылдан бері осы салада қызмет етемін. Бүгінгі таңда «Көктем» қазақ орта мектебіне қарасты кітапхана қорында 24 мың 800-дің үстінде кітап қоры бар. Бұрын мектеп ұстаздарының жалақысы өскенде біздің де жалақымыз бірге өсіп, бір марқайып қалушы едік. Биылғы жылдан бастап бұл үрдіс тоқтатылды. Осы мәселені сол кездеде көтерген болатынбыз.

Өткен қыста Қазақстан Республикасының салалық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашеваның ауданға келген сапарында да көтерген едік. Қойылған сауалға алдағы уақытта мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысымен өсіріледі, сол кезде сіздердің де жалақыларыңыз жоғарылайды деп жауап берген болатын. Алайда ол үміт ақталмады. Әрине, еңбегіңе қарай лайықты жалақыны алғанды кім жек көреді дейсің. Ел қатарлы жақсы өмір сүруді бәрі де қалайды ғой. Сондықтан да бұл мәселе оңынан шешілуі қажет деп санаймыз,-деді ол. Осы сауалды біз Қазақстан Республикасының салалық білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қазақстан Республикасының салалық білім беру және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының Атырау облысы бойынша өкілі Қылышбай Сүндетовке қойған болатынбыз.

-Әлбетте, айтылған мәселені орынсыз дей алмаймыз. Алайда мектеп кітапханашылары педагог санатына жатпайтындықтан олардың жалақысы өсірілген жоқ. Дейтұрғанымен еліміз бойынша бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, Мәдениет және спорт министрлігі қажетті шаралар қабылдайтын болады,- дейді өкіл. Елдегі мәдени ұжымдардың барлығы Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына жатпайды. Республикалық деңгейдегі бірқатар ұйымнан басқасы жергілікті әкімдіктің қарамағында. Мектеп кітапханашысы өзін мәдениет қызметкерімін деп санағанымен оған берілетін айлық жергілікті бюджет есебінен қарастырылады.

Жалпы қоғамда ең аз айлық жалақыны мәдениет саласының өкілдері алады. Аратұра олардың жалақысы шамалап өсіп отырады. Бірі республикалық, екіншісі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Сол бірінікі өсіп, екіншісінікі өспей қала ма деген сұрақ еріксіз көкейде қалды. Десек те сең қозғалды. Аталған мәселе Парламент қабырғасында да көтеріліп, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутатық сауал жолдап, олардың қызметтік мәртебесін айқындап беру жөнінде мәселе көтергені белгілі болды.

Ендігі үміт Үкіметте.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521