Ауданда 15-30 қыркүйек аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Мақсат - жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға бақылауды күшейту, облыс тас жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және одан зардап шегетіндердің санын азайту үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп автомобиль жолдарында көліктік тәртіпті арттыру.
Іс-шара басталған 7 күнде 158 құқық бұзушылық тіркелген. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жол ережесінің сақталуын қатаң бақылап, ауыр зардаптарға әкелетін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударады. Олардың қатарында жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы жолаққа шығу және қауіпті маневр жасау, көлікті мас күйінде басқару, балалар мен жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтамай тасымалдау бар. Сонымен бірге көлік құралдарының техникалық жарамдылығы, жарық шамдары мен тежеу жүйесінің дұрыстығы тексеріледі. Осыған сәйкес, полиция қызметкерлері мектеп маңында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың жолдағы қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлмек.
– Қазіргі таңда жалпы 158 құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 1 алкогольдік ішімдік ішкен жүргізуші анықталып, ҚР ӘҚБтК 608 бабы 1 бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталып, Индер аудандық сотының қаулысымен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар 1 қарсы бағытқа шыққан жүргізуші анықталып, ҚР ӘҚБтК 596 бабы 3 бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталып, іс құжаттары сотқа жолданды. Жүргізушілерге көліктерін күзгі-қысқы маусымға алдын ала дайындауды, жылдамдықты қатаң сақтауды, мас күйінде көлік жүргізуден бас тартуды ескертеміз, - дейді аудандық полиция бөлімі патрульдік полиция тобының қызмет аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Батырбек Қабиев.
Осы ретте полицейлер жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігіне байланысты әрі оны мұқият сақтау қажеттігін қатаң ескертеді.
Жадыра НАРИМАНОВА