Ел назары - ер мұрасында

Табылдан қалған тәбәрік

Атырау облысы тарихи–өлкетану музейі Индер аудандық бөлімшесінің атқаратын жұмыстарының басым бағыттарына мына жұмыстар жатады.

Мысалы, ғылыми зерттеу жұмыстары, ғылыми қормен және экспозиция мен көрме жұмыстары. Ғылыми зерттеу жұмыстарына-ұлы тұлғалардың өмір деректері жинақталып брошюралар, Индер ауданының Құрметті азаматтарының құжаттары, Индер қойнауындағы минералдар мен қазба байлықтардан т.б. жинақталған альбомдар шығарылады. Ол үшінде тиісінше жұмыстар жасалып отырғаны белгілі болды.

- Негізгі қор бойынша тіркелген жәдігерлер толықтай цифрлық форматқа көшірілуде және қор жәдігерлерінің топографиялық тізім жасақталды. Үстіміздегі жылдың басында 21 жәдігер ақылы түрде қабылданды. Сондай-ақ, музей қорын толықтыру мақсатында күміс бұйымдар мен тарихи көне заттарды ақылы түрде қабылдаймыз. Жәдігерді ұсыншу тұлғаның бағалауын назарға ала отырып, әрбір құнды затты облысқа жібереміз. Облыстық мұражай жанынан құрылған сарапшылар бағалап, анықтап берген соң, тиісті ақысы төленеді. Сонымен қатар, қордағы жәдігерлер қалпына келтіріліп, олардың төлқұжаттары жасалады,- дейді мұражай директоры Майгүл Жалғасбаева.

Аудандық музей ұжымы жыл бойы жоспарға сәйкес тақырыптық көрме, кездесу, мерекелік шара өткізу тарихи-танымдық сабақтар және танымдық экскурсиялық шаралар, коллекциялық көрмелер, қарт ардагерді ұлығылау, еске алу шаралары, жылжымалы көрмелерді ұйымдастырумен айналысатын. Биыл карантиннің басталуымен байланысты бұл жұмыстар онлайн форматқа көшті.

Иә, музейге қойылған әрбір туынды көрерменнің ықыласын өзіне аударары анық. Сондай туындылардың бірі қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың бардық өнер әлеміндегі әндерін кеңінен танылуына себепші болған гитарасына келушілер ерекше қызығушылықпен қарайтын көрінеді. 

-Жалпы менің өз өмірімде Табылдыдай таланттың жары болу бақыты бұйырды. Өзі өмірден өткеннен кейін оның артындағы мұрасын, елге қалдырған аманатын сақтау басты мұрат қой. Музейде өтетін түрлі шараларға Табылдының гитарасын алдыртатын. Кейін шара біткесін үйге әкелемін. Өткен жылы осы музейге келген көрермендер ақын мұрасының бірі осында тұрақты тұрса ғой деген өтініш білдіріпті. Ол өтінішті мұражайдағылар маған айтқан соң тұяғы Абыл және қыздарыммен ақылдаса келе алғашқы қызыл гитарасын, өз қолымен жазған түпнұсқалы еңбектерін қосып тапсырдым. Әрине оған тиісті дәрежеде ақысын да алдық. Біз үшін ең бастысы ақын мұрасы алқалаған әлеуметтің назарында болуы басты міндет, - деді ақынның зайыбы Қарлығаш Басарқызы.

Ал жерлесіміз, драматург жазушы әлі күнге дейін ел ауызында «Жаман жәутік», «Болмаған оқиға» секілді, т.б. құнды шығармалары ерекше аталатын Есенжол Домбаев тұтынған заттар еріксіз назар аударады. Әсіресе шығармаларын тасқа басқан жазу машинкасының өзі ғажап дүниелер қатарына жатады. Жоғарыдағы сөзімізден атап өткеніміздей, қолда бар жәдігерді толыққанды көрсету үшін ғимараттың тарлық етіп отырғанын да жасырмайды мұндағылар. Десек те, жаңа ғимарат салу мәселесін шешу бағытында тиісті жұмыстар жасалар деген үміт жоқ емес. Аталған мәселені аудан әкімі Мейірім Қалауи де қаперге алып, тиісті мекемелерге тапсырма бергені белгілі болды. Қайткен күнде де кешегінің мұрасына ие болып отырған музей жұмысын уақыт талабына сай жетілдіре түсу бағытындағы жұмыстар жалғаса берері анық.

Сұңқар КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521