"БІЗДІҢ САШКА" АТАНЫП КЕТКЕН...

Қазақ «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бекер айтпаса керек-ті. Бүгінде аудандағы түрлі ұлт өкілдері осы тәмсілмен өмір сүруде. Олар қазақ халқымен біте қайнасып кеткен. Осы уақытқа қазақ жерінде бір емес, бірнеше ұрпақтары өсіп өнді. Солардың бірі – Аққала ауылының тұрғыны Александр Борисович Когай.

Ұлты кәріс Александр Когай 1975 жылы Түркіменстан Республикасында дүниеге келген. Әкесі – Когай Борис Лавринтивич пен анасы Пак Анна Киховна да кәріс ұлтының өкілдері. Отбасында бес ағайынды ол үйдің кенже баласы. Ағасы мен әпкелері Түркіменстан елінде өмір сүреді. Ол туған жерінде 11 сыныптық мектепті тәмамдаған соң, техникумда экономист мамандығы бойынша білім алады. 1996 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Атырау қаласына көшіп келіп, 1998 жылға дейін тұрақтайды. Одан соң 1998 жылы Самара қаласында өмір сүрген ол Жарсуат ауылының тумасы Қалғыз Есқаировамен танысып, отбасын құрады. Сөйтіп, 2003 жылға дейін сол жерді мекен етеді.

Кейін, 2003 жылы қайта Қазақстанға келіп, Аққала ауылына көшіп барады. Міне, содан бері осы ауылда отбасымен ғұмыр кешуде. Ауылдастары оны Сашка деп таниды. Айтуларынша, еңбекқорлығымен, жұмысқа биімділігімен қатар, көршілерімен де жақсы араласып, үнемі қол ұшын беріп жүретін атымтайлығымен де аты озған.

– Өзім Аққала ауылында туып-өскенмін. Ауылда Александр мен Қалғызды танымайтын адам кемде-кем. Өздерінің шаруа қожалықтары бар, егін егіп, жемісін көріп отыр. Ауыл азаматтарын да жұмыспен қамтуда. Өзім қыста сол қожалықта еңбек етемін. Қазақ тілінде таза сөйлеп, ойын ашық жеткізіп айта алатыны қуантады,- дейді ауыл тұрғыны Нұрсәуле Имашева.

– Александрды Аққаланың байырғы тұрғыны ретінде жақсы білемін. Өте еңбекқор жан. Таңертеңнен кешке дейін егінін баптап жүреді. Кәріс ұлтынан болса да ана тілімізде таза сөйлейді, тойларда салт-дәстүрді ұстанып, күйеубала міндетін де атқарады. Мен үшін қазақтың баласы секілді,- дейді ауылдасы Қымбат Хайроллақызы.

Бүгінде ол егін шаруашылығын дамытып жүрген жандардың бірі. Отбасымен бірге 2007 жылы «Владимир» шаруа қожалығын құрып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Күн жылынып, к ө к т е м келе салысымен бақшаға қауын, қарбыз, қияр өнімдерін егіп, жаз бойы бақшаны күтіп баптайды. Ал, піскен өнімдерін Индербор кенті мен Атырау қаласына апарып сатады. Бұл жерден көрші Мақат, Жылой аудандарынан, тіпті Ақтау қаласынан да кәсіпкерлер келіп, сатып алады екен.

– 1996 жылдар тоқырау кезеңі еді. Кім-кімге де оңай соқпағаны белгілі. Сол кезде қазақ халқы өздері де аштықтың аз-ақ алдында бола тұра, ішіп отырған астарымен бөлісті. Жалпы Қазақстанда әр этнос өкілінің тең жағдайда өмір сүріп, білім алуына мүмкіндік жасалған. Сол үшін де алғысым шексіз. Бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешкеннен артық бақыт бар ма?! – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.

Ұлы Владимир бұл күнде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін эколог мамандығы бойынша тәмамдап, қазір әкесіне егін егуге қолғабыс етіп жүр. Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521