Аяулым - республикалық жоба жеңімпазы

Еліміздің "Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы" РМҚК қолдауымен жыл сайынғы "Менің бастамам – менің Отаныма" республикалық шығармашылық жобалар конкурсы мәресіне жетті.

Дарынды балаларды анықтауға және қолдауға, балалар мен жастар бастамаларын дамытуға ықпал ету мақсатындағы байқауға 9 номинация бойынша қатысқан республикадан 170 оқушының арасынан Аққала орта мектебінің 9 сынып оқушысы Қажымұратова Аяулым "Жаңғырту полюсі " номинациясы бойынша "Буккроссинг ауылда" атты жобамен қатысып, 1 дәрежелі дипломмен марапатталды.

Бұған дейін, Аяулым аудандық және облыстық шығармашылық жобалар сайысынан жүлделі 1 орынды иеленіп, республикалық әлеуметтік жобалар байқауына екі номинация арқылы түскен болса, алдыңғы жұмысы республикалық байқаудан Алғыс хатпен марапатталған еді.

"Мектеп жанындағы ойын алаңында «Буккроссинг» жобасы аясында кітапқа толы қобдиша орнатылды. Оқушылар сабақтан тыс мезгілдерінде, үзіліс кезінде кітаптарды алып оқиды және қайтадан орнына қойып кетеді. Егер қызықтырған кітап болса, оқушы кітапты үйіне апарып та оқи алады. Мұнда орнатылған кітаптардың QR кодтары арқылы кітаптарды қолға алмай-ақ смартфондарына жүктеп алып оқуға да болады. Бұл QR кодтар арқылы кітаптар оқырмандарға қолжетімді болады. Міне, осылайша мектеп оқушылары арасында кітап айналысы жүріп, кітап оқу дәстүрі қалыптасып келеді.

Ауыл тұрғындары арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру, кітапқа деген қолжетімділікті ұйымдастыру, жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жобаға қатысқан болатынбыз.

Енді бұл жоба кең көлемде ауыл кітапханасы жанынан ұйымдастырылса, ауыл тұрғындары мен ауыл жастары арасында қолжетімді болса, қоғамда кітап оқудың жақсы әдебі қалыптасар еді. Ауылдағы саябақ, балалар ойын алаңы және жазғы демалыс кезінде балалар көп шоғырланатын «Жас өркен» жазғы демалыс лагеріне орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді", - деген ұсыныс тасталды жобада.

Оған жетекшісі, Аққала орта мектебінің кітапханашысы Қуанышкереева Салтанат Қанатқалиқызының қосқан үлесін де айта кеткеніміз абзал.

Алтынбек Тұрғалиұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521