«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірдің мұнай-газ кешені қызметкерелерін сала күнімен құттықтады»,-деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты іс-шараға «ТеңізШеврОйл» ЖШС, NCOC, «Каспий құбыр консорциумы» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, “GPC-Investment” ЖШС, “KPI” ЖШС, "Матен Петролеум" АҚ, «Сазанқұрақ» ЖШС сынды компаниялардың басшылары мен өкілдері және ардагер мұнайшылар қатысты. Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов мұнайдың қара шаңырағы саналатын Атырау өңірінің мұнай-газ саласындағы рөліне тоқталып өтті.
«Мұнай мен газ – Атыраудың ғана емес, тұтас жұртымыздың басты байлығы, алтын қазынасы. Тәуелсіз Қазақстанның қуатты елге айналып, экономикалық әлеуетінің артуында ерекше маңызға ие. Мұнай-газ өндірісі Атырау үшін байырғы кәсіп. Бастауын Қарашүңгілден алатын «қара алтын» өндірісі ғасырдан астам халық игілігі үшін қызмет етуде. Мұнай-газ өндірісі – еліміздің бүгінгі әлеуетін қамтамасыз етіп, болашақ дамуына негіз болып отырған стратегиялық сала. Бұл ретте, Атырау өңірі маңызды рөлге ие екені мәлім», -деді.
Облыс әкімінің сөзінше, облыс бойынша мұнай-газ кешені саласында қазір 125 мыңнан астам адам қызмет етуде. Өңірдегі Теңіз, Қашаған сынды алып жобалар іске асырылып, соның арқасында Қазақстан ең ірі мұнай өндіруші елдердің біріне айналып, өткен жылы әлемде 14 орынға шыққан. Қазір Атыраудың мұнайы әлемнің 19 еліне экспортталуда. Ол сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мұнай-газ саласына шамамен 50 трлн. тенге инвестиция тартылса, соның жартысынан астамы яғни 28 трлн. теңгесі Атыраудың еншісінде екенін атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде ғана облысымызға 3 трлн. теңгеден астам инвестиция құйылған.
Ал 1991 жылмен салыстырғанда облыста мұнай өндіру 12 есеге, газ өндіру 35 есеге өскен. Аймақ басшысы өңірдегі «ТеңізШеврОйл» ЖШС, NCOC сондай-ақ «Каспий құбыр консорциумы» АҚ сынды мұнай компанияларының ел игілігі үшін көптеген игі істер атқарып жатқанын айрықша атап өтті.
Олардың өңірдің әлеуметтік инфрқұрылымын дамытуға үлес қосып, олардың демеушілігімен облыста көптеген балабақша, мектеп, емдеу мекемелері мен халыққа аса қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Пандемия уақытында да олар медициналық нысандар салып, құрал-жабдықтар мен жедел жәрдем стансасына автокөліктер алып беріп, дәрі-дәрмектер арқылы көмектескен.
Бүгінгі таңда экологиялық бағыттағы жұмыстарда қолға алып отырғанын ерекше атап өткен аймақ басшысы компаниялардың басшылары мен ұжымына да алғысын білдірді. «Бүгінде «қара алтын» мен «көгілдір отынның» өндірісін ұлғайтып, ұлт қазынасын молайтуға сүбелі үлес қосып жүрген барша қызметкерлерге, саланың ардагерлеріне айрықша алғысымды айтамын»,-деді М.Досмұхамбетов.
Іс-шарада салада елеулі еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлер «Мұнай саласының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі, Энергетика министрінің Құрмет грамотасымен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің «Жер қойнауын барлаудың үздігі», «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгілерімен, сондай-ақ, Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы төрағасы Алик Айдарбаев әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.
«Отыз жылда мұнай-газ өнеркәсібі экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Осы тұрғыда егемен елімізді дамытуға қазақ мұнайының қара шаңырағы Атырау облысының мұнайшыларының қосқан үлесі сүбелі»,-деді А.Айдарбаев. Салтанатты іс-шарада ардагер мұнайшыларға да құрмет көрсетіліп, кездесу соңы концерттік бағдарламаға ұласты.