АЛА СИЫР ДА АУЫЗ СУ ІШЕДІ ОНЫҢ ШЫҒЫНЫ ШАШ-ЕТЕКТЕН

            Есбол ауылында ауыз су тоқтап қалуы әбден мүмкін. Өйткені, осыған дейін ауылды ауыз сумен қамтып келген кәсіпкер жұмысын тоқтатып отыр. Біздің білуімізше, антимонополиялық комитет су тарифін 50 теңгеге дейін түсіргендіктен кәсіпкер осындай шешімге барған. Мәселе енді қалай шешілмек? Кәсіпкер субсидияға иек артып, қарекет ете алмай отыр ма?

            Енді бұл  мәселе қалай шешіл мек? Тарифтің төмендеуіне не себеп? Әлде кәсіпкер субсидияға сүйеніп, қарекет ете алмай отыр ма? Жақында осы мәселе ауыл
тұрғындарының жиынында да көтерілген еді. Аудан орталығынан кейінгі ірі елді мекен Есбол мен Ынтымақ ауылдарын осы уақытқа дейін «Испусинов» шаруа қожалығы ауыз сумен қамтып келген еді. Жақында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «Испусинов» ШҚ-ның тарифін төмендетіп және айыппұл салғанын мәлімдеді. Талдау 2021 жылға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті қорытындылары бойынша есепке алынған. Ал «Испусинов» ШҚ тарифтік сметада көзделген мөлшерлерден 5 пайыздан астам мөлшерде орындамауына жол берілгені анықталған деп көрсеткен. «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабының 2-тармағының 15 тармақшасына сәйкес, табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифтік сметаны орындауға міндетті. Осыған байланысты Департамент «Испусинов» ШҚ-на қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 164 - бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, 857 640 теңге айыппұл салынған. Осыорайда ауылды ауыз сумен қамтудан бас тартқан, әрі айыппұл  арқалаған «Испусинов» шаруа қожалығының басшысы Рашид Еспусиновқа хабарласқан едік.

            - Былтыр тамыз айынан бастап жылдың аяғына дейін тұрғындарға
ауыз сумен қамту жұмыстарына субсидия берілмей қалды. Сөйтіп, жылды шығынмен аяқтауға мәжбүр болдық. Рас биылғы наурыздан бастап субсидияны қайта қосқанымен жағдайымыз оңалмады. Тарифте көрсетілген тиісті талаптарды толық орындауға мүмкіндігіміз болмады. Соған қарамастан ауылды ауыз су мен қамтуды үзген жоқпыз. 2008 жылдан бері бұл жұмысты тұрақты атқарып келе  жатқан едік . Ал облыстық табиғи монополияларды реттеу саласындағы уәкілетті о рган бекітілген тарифте көрсетілген жұмыстар толығымен атқарылмауы себепті 1 текше метр судың бағасын 102 теңгеден 50,91 теңгеге, мекемелерге де 225 теңгеден 56 теңгеге түсіріп отыр. Жаңа тариф биылғы 1 тамыздан бастап күшіне енбек. Мұндай тариф елді мекендерді сумен қамту жұмыстарының өзіндік шығындарын ақтамайды. Электр жарығына, газге, жалақыға бережақ болып қалдық. Бар күшімізді салғанмен әрі қарай жұмыс жасау мүмкін емес. Сондықтан да бұл жұмысты тоқтатуға мәжбүрмін, - дейді. Яғни барлық шығынды есептеп келгенде кіріс көлемі оны ешқандай жаба алмайды екен.
            Шын мәнісінде бізде тұтыну мәдениеті мүлдем қалыптаспаған десе де болады. Өйткені, ауыз сумен сиыр суарып, кір жуып, шаң басып, тіпті, көлігімізді де шайып алатынымыз жасырын емес. Осыншама ысырапты кім ойлап жатыр.
Мысалы,ауыл тұрғыны Қ.Меңдіғалиұлы:          
            -Айына үш текше метрдей су пайдаланамыз. Тұрмыстық қажеттілігіміз бар, қыста сиыр суарамыз. Бірақ қанша тұтынамыз      сонша төлем ақысын уақытында төлеп отырамыз,-дейді. Ал мәдениет қызметкері Т.Досжан тұтыну мәдениеті мүлде сақталмайтынын, ысырап масқара екендігін, біраяқ шай үшін, бір шайник су босқа қайнайтынын, айналып келгенде осының шығынын қарапайым халықтың өзі өтейтінін түсінбейді . Өйткені, субсидия дегеніміздің өзі сіз бен біздің салығымыздан құралатынын, баяғыдай иін ағашпен өзеннен су тасыса қадірін білетіндігін айтады. Дегенмен де тұрғындар да түсіністікпен қарап, ауыз            суды тариф бойынша емес, айына 2 мың теңгеден төлеуге келісіп, төлеп келіпті. Кейбірі жазғы су қымбат деп, ауыз суды көбірек тұтынатын көрінеді.

            Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы ШапағатҒаббасов жергілікті округ әкімшілігі сумен қамтуға бас тартқан кәсіпкерден қайтарып алынып, қайтадан сенімгерлік басқаруға беруге конкурс ұйымдастыруы тиіс екендігін айтады.    
            - Сенімгерлік басқару жұмыстарын өзіміз атқаратын боламыз. Бастысы ауыл тұрғындары ауыз сусыз қалмайды. Су тұрақты берілетін болады. Қазір де су тазарту қондырғысының күзеті бар, тиісті мамандары жұмысын жалғастыруда. Мәселе түйінін шешу жолдары қарастырылады,-дейді Есбол ауылдық округінің қазіргі міндетін атқарушы Ерболат Сабиров.     
            Түйіндей келе бұл жерде мән беретінбір нәрсе барын айтамыз. Мысалы, тариф бойынша 1 текше метр (1 тонна) судың құны 50-100 теңге көлемінде де, базардағы 1 литр судың құны 250 теңге. Яғни 5 тонна судың құнына пара-пар. Мемлекеттің тазалап берген ауыз суын былай қойып, соның бірнешеуін сатып аламыз. Оның тазалығына кім кепілдік бере алады. Осыны ойлап жатқан кім бар? Қысқасы, не нәрсе болса да тұтыну мәдениетін алдымен ойлайтын уақытқа қашан жетер екенбіз?    

Саламат БАЗАРБАЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521