Қаңтар трагедиясынан қандай сабақ алдық – Айдос Сарым

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қаңтар оқиғаларынан кейін Президент реформалары аясында бірігуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар трагедиясы елдегі реформаларды болдырмауға бағытталған қадам болатын. Өздерінің «дәстүрлі» майшелпектерінен, эксклюзивті экономикалық монополиялары мен мүмкіндіктерінен айрылғысы келмеген реваншистік топтардың алдын ала дайындалғаны, қаруланғаны айқын көрінді. Бұған қоса кейбір полиция және күштік құрылым басшыларының сатқындық жасап, әскери борыштарын орындамағанын еске алуымыз керек. Жергілікті және орталық билік тармақтарына сес көрсету, өзара ұйымдасып, киімдерге белгі тағып, әскери және арнайы техниканы пайдаланып, бір кезде бірнеше аймақта мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді күшпен басып алу, өртеу, аэропорт пен вокзалдар жұмысын бұғаттау, телеарналарды басып алып, олардан хабар тарату әрекеттеріне қарулы бүлік және мемлекеттік төңкеріс әрекеті деген баға беріп, негізгі көріністері мен тәсілдерін аңғаруға болады деп санаймыз», - деді Айдос Сарым Мәжілістің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, төтенше жағдай жарияланғанда көшеде жүру, коменданттық сағатты мойындамау, қару, арматура мен тас тарату, жастарға арнайы ішімдіктер, энергетиктер тарату, жандырғыш Молотов коктейльдерін тарату, колонна құрып, жолай жұрттың мүлкін тонау, өртеу, қарақшылық әрекеттерін ұйымдастыру сияқты әрекеттер экстремизм деп бағалануы керек.

«Бір ғана Алматыда айналдырған үш күнде мыңға жуық кәсіп нысаны тоналып, өртенгенін, жүздеген автокөліктердің жол бойы өртенгенін қалай естен шығарамыз?

Жүздеген, мыңдаған әскери қарудың қолды болып, олардың осы кезге дейін жер жерден табылып, бейбіт заманда азаматтардың мерт болуына, жаралануына әлі күнге дейін әкеліп жатқанына қандай баға беруіміз керек? Халық бізден не күтіп отыр? Жұрт елдегі реформалардың жалғасқанын, тоқтамағанын қалайды. Шын мәніндегі Әділетті Қазақстанның орнағанын қалайды. Ең бастысы қазақ қауымы осындай сын мен сынақтардың болмағанын, қайталанбағанын қалайды», - дейді депутат.

Мұны жазда өткен тарихи референдум мен күздегі президенттік сайлауы айқын көрсетті.

«Қаңтар трагедиясынан шынайы сабақ алғанымыз рас болса, Мемлекет басшысы бастаған реформалардың аясында бірігіп, жігер танытып, елдік ісін бұрыннан бетер энергиямен іске асыруымыз шарт. Алдағы жылдар Қазақстан үшін күрделі болады. Әлемдегі жағдай да, геосаяси түйткілдер мен тәуекелдер саны еселеп артып келеді. Қазақтың бұл заманда жайбарақаттанып, еркелейтін еш жөні жоқ. Ендігі кезде бізге мықты, сыртқы қауіпке төтеп беріп, елін қорғауға қабілетті жаңарған ұлттық армия, жаңа дәуірге лайықты, ел азаматтарына қорған ұлттық сот, ұлттық полиция, ұлттық күштік құрылымдар керек. Осыны қамтамасыз етсек қана Қаңтар трагедиясынан сабақ алғанымыз рас болады», - деді Айдос Сарым.


Видеодан алынған кадр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Әлеуметтік желілеріміз