АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу — мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екенін мәлім етті.
— Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл — анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтырып жатыр. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді.
— Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі — маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл — мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі, — деп түсіндірді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиістігін баса айтты.