Атырауда экологиялық ахуалды жақсарту бағытында нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында журналистің сауалына жауап берген облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау мұнай өңдеу зауытындағы (АМӨЗ) экологиялық талаптарды күшейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндірді.
Әкімнің айтуынша, қала аумағының кеңеюіне байланысты зауыт бүгінде елді мекендердің ортасында қалып отыр. 1945 жылдан бері бірнеше модернизациядан өткен өндіріс ошағына қатысты соңғы уақытта тұрғындар тарапынан шағым көбейген.
«Комиссия құрылып, тиісті органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде бірқатар экологиялық түйткілдер шешімін табуда. Мұнай қалдықтарының негізгі бөлігі жойылды. Өнім сақтайтын 70-ке жуық резервуардың төбесі ашық болғандықтан, ыстық мезгілде булану процесі күшейіп, жағымсыз иіс тарайтын. Қазір осы резервуарларға қалқымалы платформалар орнатылып жатыр. 70-тің 60-ына орнатылды, 11-і қалды. Жыл соңына дейін тағы екеуі, қалғаны келесі жылы толық аяқталады», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, зауытта қалдық суларды өңдеу жұмыстары күшейтілген.
«Екі су тазарту құрылғысы іске қосылып, өндірістік су қайта өңделіп шығарылуда. Алдағы кезеңде АМӨЗ-ге жаңа талаптар қойылып отыр. Біріншіден, Жайықтан алынатын және қайта шығарылатын суды, соның ішінде биологиялық тазарту жүйесін күшейту. Екіншіден, өндірістегі бірқатар қондырғыларды жаңғырту. Бұл талаптар қатаң бақыланады», – деді Серік Шәпкенов.


