Стратегиялық даму жоспарын жасақтап, болашағын айқындап алған еліміз үшін бүгінгі күнде басты тақырып-тұрақтылық болып тұрғанын әрбір көзі қарақты жан жақсы біледі. Оның үстіне жуырда ғана Мюнхен қаласында өткен Қауіпсіздік конференциясында Президентіміз Қ.Тоқаев ел экономикасын әртараптандыру, инновациялар мен цифрландыруды дамытудың аса маңызды екеніне назар аударып отырғаны жайында сөз қозғады.
Президент: «Көптеген бастама қолға алынды. Бейбіт митинг өткізу мен саяси партияларды тіркеуге қатысты жаңа заң жобалары дайындалып жатыр. Азаматтық қоғамды дамытуға бар күшімізді салудамыз. Мен біздің мемлекетімізде президенттіктің жақсы институты қалыптасады деген ойдамын» деген пікірлерін әлем көшбасшылары мен сарапшылары жылы қабылдады. Мұның өзі де еліміздің әлем алдындағы абыройын асыратын қадамдар.
Бұл ретте біз, білім саласының қызметкерлері, болашақ елдің иелерін тәрбиелеудегі жұмысымызды жетілдіріп, олардың дайындықтарына, ең бастысы кемел адам болуына барынша жағдай жасап, сапалы оқытуға тиістіміз. Шүкір, сан ұлт өкілдері бір тұрып, еңбек еткен Есбол ауылы бүгінде қайта жаңғыруды бастан кешіп жатыр десе де болады. Жолдар жөнделіп, жаңа құрылыстар бой көтеріп, мәдениет үйі, спорт кешені салынды, тұрғындардың тұрмыс жайы жақсарған үстіне жақсаруда. Осы қуанышты көңілге ауылда бірден-бір аралас оқу орны саналатын Жамбыл атындағы орта мектептің қосып жүрген үлесі зор.
Мұндағы білім алатын 400-ге жуық шәкірттердің білім сапасы 57 пайыздан асып, аудан бойынша алдыңғы қатарға шығып, мұғалімдеріміздің біліктілігін, іскерлігін айқын танытып келеді. Әрине, білім мен тәрбиеегіз. Оларды бірін-бірінен ажыратып алуға еш болмайды. Ұжымдағы әрбір қызметкер мен сынып жетекшілері осы жайға да ерекше назар аударып, қос тілде беріліп жатқан біліммен тәрбиенің нәтижесін көрсетіп отыр.
Майра САБЫРОВА,
Жамбыл атындағы орта мектептің директоры