Университет қабырғасында жүргеніме биыл - 4 жыл. Бақандай төрт жыл ішінде қатарластарыммен өмірдің ыстығы мен суығына төзіп, қызықты да қуанышты шақтарымды өткізсем де, мектеп қабырғасында өткерген 11 жылым бәрібір де ыстық, ең бақытты да тамаша сәттерім деп ойланбастан айтамын.
Мен оқыған сынып белсенді, білімді оқушылардан құралған сынып болды. Бәріміз бір үйдің балаларындай бауырдай болып өстік. Тіпті біреуіміздің жанқалтамызда жүрген бір ғана кәмпиттің өзін онға бөліп, кішкентайдан тістеп жеген күндеріміз де өте көп болды. Сабақ үстінде мұғалім «бірімізге біріміз сұрақ қоямыз, дайындалыңдар» деген уақытта да алдын ала сұрақ дайындап қойып, лезде бір-бірімізге ескертіп, сол сұрақтарға дайындалып отыратынбыз. Әлі есімде, математика сабағында бақылау жазу кезінде екі нұсқаға бөлінген уақытта да бір-бір есептен бөліп алып шығаратынбыз. Бұл қылықтарымыз арамыздағы сенім мен бауырмалдық белгісі іспетті.
Ал қазір мектеп оқушыларының күйі қандай?
Жақында өз мектебімізде мұғалімдеріміз студенттермен кездесу ұйымдастырып, сол жиынға бізді шақырған болатын. Ұстаздарымыз қазіргі оқушылардың білімдерінің бұрынғыға қарағанда төмен деңгейде екенін, түрлі шара, кездесу, ойын-сауықтарды ұйымдастыруға белсенді емес екенін көңіл- күйлері түсіп тұрып жеткізді. Әрине, айтса айтқандай, қазіргі жастардың басын түрлі әлеуметтік желілердің желігі жаулап алған болса, уатсап, вконтакте, инстаграм парақшаларынан күндіз-түні көзін алмай отырса, қайдан білім қонсын?
Осы орайда Бөдене орта мектебінің директоры Нұрпейіс Тоғаев: «Заман талабына сай смартфон ұстау қалыпты сияқты көрінгенімен, өзіне қажетті білім алуы үшін үлкен зиян екенін ескерген жөн. Себебі, бүгінгі таңда баланың санасын улайтын, уақытын ұрлайтын әлеуметтік желі толып жатыр. Осындай әр түрлі желілер арқылы жалған дос тауып, бар уақытын бос өткізетіні сөзсіз. Сонымен қатар білім сапасымен бірге бала тәрбиесіне де кері әсерін тигізеді. Қазір интернет желісінде ешқандай бақылау жоқ, кез келген дүниені жүктейді, ал олар бала тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан мектепте смартфон телефондар ұстауға заңмен тыйым салу керек және үйде ата-ана қадағалауларын күшейтулері қажет деп ойлаймын», - дейді.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ, ӘЛСІРЕГЕН ОҚУШЫ
Қазіргі күні ұялы телефон ересек жан түгілі, мектеп оқушысының қасынан тастамай алып жүретін, жақын құрбысынан да артық, қымбат нәрсесіне айналса, ал әлеуметтік желі болса таң атқаннан кеш батып, қашан ұйқыға кеткенше көз аудармай қарап, кітабынан гөрі көбірек көңіл бөлетіндей жағдайға жеттік.
- XXI ғасыр – ғылым мен техниканың дамып тұрған уақыты. Соған байланысты түрлі байланыс құралдары немесе әртүрлі желілер қаптап кетті. Қазіргі заманда мектеп оқушысы үшін ұялы телефон керек пе? Қазір мектепте кем дегенде 5-сынып оқушысынан бастап ұялы телефонмен жүреді. Одан қалса, жоғары сынып оқушылары құлақтарына құлаққап салып алып жүруді әдетке айналдырды.
Ұялы телефон адамның алтын уақытын алады. Уақыт тығыздығын 11-сыныпта оқып жүргесін жақсы түсінемін. Себебі, сабақ пен ҰБТ-ға қатар дайындалу кейде қиынға соғады. Оның үстіне күнделікті интернетті пайдаланып, әртүрлі желілерде отырып қалатын кездерім болады. Менің қатарластарым да, басқа сынып оқушылары да осындай. Адам интернетте ұзақ отырғасын оның алдымен миы тез шаршайды. Одан кейін көзінің көруі нашарлай бастайды. Қазіргі уақытта көзілдірік тағатын мектеп жасындағы балалардың саны күрт өсіп кетті. Оқушы көп уақытын интернетке жұмсайды, соның салдарынан шаршап, сабақтарын жай түгелдеп салып ала салады. Бұл күніге жалғасып әдет болып кететіні анық. Ал бұның соңы білімсіздікке әкелетіні сөзсіз. Мектеп оқушысының негізгі мақсаты алдындағы кітабын оқып, тек қана білім алу ғой,-деп Бөдене орта мектебінің 11-сынып оқушысы Өтениязова Индира өз ойын бізбен бөлісті.
Ал қазіргі таңда жаңартылған бағдарламаға көшкен 7-сыныптың оқушысы Мүсілім Әсет: «Бұл бағдарламаны үйрену біз үшін бастапқыда қиынға соқты. Оны мен екі жағынан қарастырамын. Жақсы жағы оқу бес күндікке көшкен болса, соған орай үйге бұрынғыдай көп тапсырма берілмейді. Ал қиын жағы, бұл мен үшін сабақта орындалатын тапсырманың көбеюі, соның салдарынан берілетін 40 минут тапсырма орындауға тапшы. Сонымен қатар айта кететін жағдай, уатсап, инстаграм сияқты желілердің көбеюі. Олар артқан сайын оқушылар бос уақыттарын құртып алады»-деді.
Заманауи байланыс құралын меңгеру қажет екені сөзсіз. Бірақ, әр нәрсенің пайдалану мәдениетін біле бермейтініміз өкінішті. Осыны әркім ескергені жөн-ақ.
Асылай НАРЫНБАЕВА,
М.Өтемісов атындағы
БҚМУ студенті.
Бөдене ауылы.