Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру бар» – деп атап өтті.
Шынында да қазір тарифтердің жыл сайын, тіпті кейде бір жылда 2-3 рет өсуі халыққа үлкен салмақ түсіріп отыр. Өкінішке қарай, қызмет сапасы ол өсімге сай емес. Мәселен, айына 8 500 теңге төлегенімізбен, Индерге тиіп тұрған Аққала ауылында интернет пен байланыс дұрыс ұстамайды. Қазіргі кезде бәрі цифрланған заманда, ол өте қажет-ақ.
Сондықтан Президент айтқан жаңа модель енгізілсе, ең алдымен сапаға басымдық беріліп, ауыл-аймақтағы тұрғындарға да сенімді әрі қолжетімді қызмет көрсетілсе деген үмітіміз бар. Бұл – халықтың күнделікті тұрмысын жақсартатын аса маңызды қадам болмақ.
Ақмарал БОКИРОВА
Аққала ауылының тұрғыны