Кешегі аптада аудандық «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының жартылай финалдық кезеңі Жарсуат ауылында өтті. Қағытпа қалжың, тартымды әңгіме айтылған сайысқа 8 команда қатысып, «А» және «Б» тобы бойынша өнерлерін көрсетті.
Қатысушылардың шабытын шырқауға «Кітап – рухани азық» тақырыбы арқау болды. Осылайша, алғашқы сәлемдесу кезеңінде барлық командалар өздерін таныстырып, тақырып аясында әзілдер айтса, «Жамбы ату» кезеңде қазылар алқасы өзара ақылдаса отырып, әзілдері ұнамаған команданың реттік санын көрсетті. Ал соңғы кезеңде ойыншылар көрермен мен қазылар алқасы берген сұраққа тапқырлық көрсетіп, әзілге құрылған жауаптарын ортаға салынды.
Міне, осымен жартылай финалдық ойынның шешімімен «Бәсеке», «Әуезов құрамасы», «Сәйгүлік», «Базаршолпан құрамасы» финалға жолдама алса, қазылардың ұйғарымымен келесі ойынға «Жарсуат қыздары» командасына өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік берілді. Осылайша, үздік деп танылған 5 команда «Жайдарман» ойындарының ақтық мәресінде өзара бақ сынасатын болады.
Диас АЙБАРОВ.
Жарсуат ауылы.