«Шеберлер аллеясы» ашылды

Өткен сенбіде Атырау қаласындағы орталық жағалауда тұңғыш рет «Шеберлер аллеясы» ашылды. Аллеяның ашылуына Атырау облысы Іскер әйелдер кеңесі және Атырау қаласы әкімдігі мұрындық болды. Бұл – аталған кеңестің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған жобаларының бірі.

Мақсаты – кәсіпкерлерді қолдау, ерекше нақыштағы ұлттық өнер туындылары арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихи қоғамда, әлемдік аренада дәріптеу.

Аталған көрме-жәрмеңкеге біздің ауданнан «Асыл ана» тігін-цехының директоры Айдана Тулеугалиева мен «Кенжегалиева» ЖК директоры Гүлнәр Меңдібай қатысты. Олар көрмеге өздері дайындаған қолөнер бұйымдары мен қыз жасауын халық назарына ұсынды.

Жас тігінші Айдана Тулеугалиева: «Бұндай аллеяның ашылғанына қуаныштымын. Өйткені, бұл қолөнер шеберлеріне, кәсіпкерлерге деген үлкен қолдау деп білемін. Әрі отандық өнімдерді ұсынуға арналған тиімді жоба. Бұл жерде әр тұтынушы өзі қалаған өнімнің сапасына назар аударуда, сондай-ақ, қолжетімді бағада таба алады», – дейді.

Ал, «Атамекен» ҰҚП аудандық филиалының директоры Дәурен Сағынғалиев: «Кәсіпкерлік саласы жыл өткен сайын дамып келеді. Жақында ғана Атырау облыс кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен өткен инновациялық жобаларды жүзеге асыру бойынша қайтарымсыз гранттан (5 млн дейін) облыс көлемінде 211 адам қатысып, соның ішінде ауданнан 12 кәсіпкер грант ұтып алды.

Солардың бірі, жәрмеңкеге қатысушы Айдана Тулеугалиева да қайтарымсыз 2 млн теңг грант жеңіп алған болатын. Аудан кәсіпкерлерінің осындай жобаға қатынасуына мүмкіндік жасап, демеушілік көрсеткен аудандық «Іскер әйелдер» кеңесінің төрайымы Әлия Қарашинаға, кеңес мүшелері Жаннат Шопанова мен Ақжібек Сабырғалиеваға алғыс білдіремін.

Алдағы уақытта өткізілетін жәрмеңкеге қызығушылық танытып, қатысушылар болса бізге келіп жолығуына болады» – деді. Енді, «Шеберлер аллеясында» сәуір мен қазан айларының әр демалыс күндері дизайнерлер мен суретшілер өздерінің шығармашылық жұмыстары мен қолөнер бұйымдарын халыққа ұсына алады.

Ж.НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521