«Әлди әнге салғанда...»

Бүгінде бесік жырын айтатын аналардың қатары кәдімгідей сирегені анық. Тіпті, жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтырып, игі салтымызды санада оятып, рухани байлығымызды жаңғырту мақсатында «Әлди әнге саламын» атты бесік жырын айтушылардың аудандық байқауы жаңа мәдениет үйінде өтті.

Байқау шымылдығын өнерпаз  Рза Нұрмұхамбетова «Әйел бақыты» әнімен ашқан соң сайыскерлер өнерлерін таныстырудан бастады. Жалпы байқауға  бақ сынауға бел байлаған сайыскерлердің  қай-қайсысы да тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін көрсете білді. Әсіресе, шығармашылық мектебінің  мұғалімі Сапанова Бақытгүл Дәулетқызы 4 айналымнан тұратын сайыстың барлық сынынан да жақсы қырынан көрінді. Өзін тамаша таныстыра білді, негізгі айналым – көріністе шығармашылық  ұжымның да ұйымшылдығы көрінді әрі танымдық сауалдарға да мүдірмей жауап берді, ал өнертанымда  аққуды әсерлі сомдауы көрермендердің тіптен ыстық ықыласына бөленді. Нәтижесінде  қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жеңіп алды. Бөдене ауылының намысын қорғаған Лаура Күнтуова да жеңімпазға лайық өнер көрсетті. Ұлттық дәстүрге сай сәлем салуы, жолдасымен бірге өнер көрсетуі өте әсерлі шықты. Бесік жыры көрінісіне де тыңғылықты дайындықпен келгеніне куә болған қазылар алқасы екінші орынға лайық деп тапты. Жүлделі қос үшінші орынға Көктоғайдан Б.Нысанбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Марал Айлашева мен Өрлік ауылындағы мәдениет үйінің қызметкері Рима Қабдешоваға бұйырды. Олардың ішінде, әсіресе Марал Асанқызы қолөнер шеберлігі мен Рима Табылдықызы өнерпаздығымен көзге түсті. Есбол ауылындағы «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі Назерке Батырғалиеваның да өнері жүлдегерлерден бір кем болмағанына куә болдық. Сонымен қатар Индербордың «Көктем» қазақ орта мектебінен Алтынай Ғарифуллина, Аққаладан Әсел Азиева, Жарсуаттан Раушан Сисекешова Алғыс хатқа ие болды.

Қорытынды кезеңінде қазылар алқасының мүшелері ардагер мұғалім Нұргүл Каримова байқауда сайыскерлердің шеберлігімен қатар шашбауын көтеріп келген  ұжымның ұйымшылдығы да көрінгенін айтса, қазылар алқасының төрағасы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Жеміс Тілепқалиева  Индерге басқа өңірден ұзатылып келген келіндердің ауылына сағынышын бесік жыры арқылы көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді деген ойын жеткізді. Сонымен қатар белгілі  өнерпаз Гүлнәр Қайырлиева мен аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрағасы Света Жанғалиева өздерінің пікірлерін білдіріп, байқауды қорытындылады.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT