Біз газетіміздің арнайы әлеуметтік желілерінде хабарлағанымыздай, аудан тұрғындарының медицина саласындағы сұрақтары бойынша «Сұрақ сізден, жауап бізден» айдарымен тұрақты түрде тікелей желі хабарын ашқан болатынбыз.
Соған сай бүгін аудандық орталық аурухананың директоры Доспаева Анар Хамидоллақызы сіздердің жолдаған сұрақтарыңызға жауап берді.
Сұрақтар:
С.Бисенов. Индербор кентінің тұрғыны.
1.Ішкі істер бөлімі «Менің учаскелік инспекторым» дегенді әр тұрғынға ұдайы хабарлап, көрнекі жерлерге, тіпті ұялы телефонға дейін салуда, ал «Сенің учаскелік дәрігерің» дегенді сырқаттанғанда болмаса, басқа уақытта естімек түгілі, білмейміз де. Неге?
Жауабы: Ұсынысыңыз қабылданады. Бүгінгі күнде медицина саласын цифрландыру бағытында жүріп жатқан жұмыстарға орай, «К Врачу» мобильдік қосымша арқылы бекітілген участігіңіз бойынша мағлұмат ала аласыз.
А.Төлегенқызы. Индер ауданы.
2.Жалпы аудандағы дәріханаларды кім қадағалайды. Дәрілер дәрігердің рұқсатынсыз сатыла бере ме?
Жауабы: Дәрі-дәрмектер «дәрігердің рецептісімен» және «рецепсіз» жіберілетін болып бөлінеді. Дәріханалар дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы бақылау эксперттық Ұлттық орталығымен бақыланады Науқасқа дәрігермен тағайындалған емді кабинет ембикесі қарап, «дәрігер рецептісімен» жіберілетін дәрілерге рецепт жазып беруге міндетті. Дәріханалардың «дәрігердің рецептісімен» жіберілетін дәрілерді рецептімен ғана жіберіп отыру міндетті.
Болат. Индер ауданы.
3.Медициналық және биологиялық қалдықтар қайда тасталады.
Жауабы: Медициналық және биологиялық қалдықтар аудандағы медицина мекемесімен еш жерге тасталмайды. ҚР Мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес, медициналық және биологиялық қалдықтарды тасымалдау, жою тәртібі мемлекеттік сатып алу порталына салынып, медициналық және биологиялық қалдықтарды тасымалдауға, жоюға лицензиясы бар мекеме ұтып алып, тасымалдайды және жояды.
Асылзада Берікова.
Индер ауданы. 4. Жеке медициналық ұйымдардың рөлі қандай. Олардың сапасына кім қадағалау жүргізеді.
Жауабы: Жеке медициналық ұйымдар қолдарындағы лицензиясына сай жоспарлы, шұғыл медициналық қызмет көрсетуге міндетті. Жеке медициналық ұйымдарда басқада жеке ұйымдар сияқтымораторияға орай тексерілмейді. Емделуші бір себептерменарызданатын болса сол жағдайда ғана тексеріледі.
Гүлнар М. аудан тұрғыны.
5. Ауданда гинеколог дәрігер болғанымен көпшілігін қалаға жібереді, неге?
Жауабы: ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сай, жүкті аналарға көмек үш деңгейге бөлінген. Физиологиялық жүктілікпен босанатын жүкті аналар ғана аудандық перзентханада бірінші деңгейде босанады. Денсаулығында ақауы бар немесе жүктілігіне орай денсаулығында ақау пайда болса, ісік, қан қысымы көтерінкі, 37 аптаға дейін босатын жағдайы, ірі ұрық, босану күнінен асып кетіп босану, егіз ұрық,ота жасау арқылы босану, ұрықтың теріс келуі, 5 және оданда көп босау және қалыпты жүктіліктің барлық ауытқу түрлері екінші, үшінші деңгейде қалалық, облыстық перзентханада босанады. Жалпы бір жыл ішінде жүктілікпен есепке тұрған аналардың 50,0 пайызы ауданда босанса, 50,0 пайызы екінші, үшінші деңгейде босанады.
Осы мәселе орай жіберілген сұрақтарыңыздың жауабын газетіміздің 13 желтоқсандағы санынан оқи аласыздар.