Үздік ұстаз атындағы кабинет ашылды

Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылындағы Махамбет атындағы орта мектепте биология пәні мұғалімі болған, «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі  Ғабдуллина Қазиза Қабдоллақызының атында кабинет ашылды.

Оған осы кабинетті ашу жөнінде ұсыныс білдірген мектептің ХХХVІІ түлегі, қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Әділбаев Жалғас Жұмаұлы арнайы қатысты. 

Қазиза Ғабдуллина 1931 жылы ақпан айында Есбол ауданы, Қызылжар ауылдық кеңесі Молымбеттің «Бегіс төбесінде» дүниеге келген. Ол 1939 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1949 жылы  Кулагино селосындағы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіреді. 1951 жылы Гурьев мұғалімдік институтына оқуға қабылданып, 1953 жылы жаратылыстану-жағырафия мамандығы бойынша бітіреді. 1953-1981 жылдары Жамбыл, Горы, Махамбет атындағы орта мектептерде жұмыс істеп, 1981 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Ол – Махамбет орта мектебінің тарихындағы алғашқы «Құрмет белгісі орденді»  ұстаз. 
Ұстазды бір минут үнсіздікпен еске алған соң, салтанатты шараға келгендерге мектеп директоры Гүлфара Ноғайбаева шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұстаздың еңбегінің өлшеусіз екенін айтып, ұстазға құрмет көрсеткен шәкірттеріне ризашылығын білдірді. 
Одан соң  ардагер ұстаз, осы мектепте ұзақ жылдар бойы басшылық еткен Бисен Аталық пен  Жалғас Әділбаев кабинеттің лентасын қиды.                                                       
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин білім беру ісіне еңбек сіңірген ұстазын сыйлаған шәкірттеріне өнегелі істері үшін алғысын білдірсе, ардагер ұстаз, «ҚР білім беру ісінің үздігі» Қамария Сатыбалдиева әріптесі,  сүйікті шәкірті Зарипа Шалекенова ұстазы,  ұлы Керей Мағзомұлы анасы Қазиза Қабдоллақызы туралы естеліктерімен бөлісті. 
Индер ауданының Құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Бисен Аталық  2012 жылы  еңбегі өлшеусіз мектеп ұстаздарына арнаған «Махамбет атындағы орта мектеп» атты кітабын, мектеп түлегі Жалғас Әділбаевқа сыйға тартты. Аталмыш кітапта ұстаздардың есімдері мен естеліктері енгізіліп, бүгінде кейінгі ұрпаққа мұра боп қалуда. 
Кабинетті биология пәні мұғалімі Айсаулем Жауынбаева қабылдап алып, жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді.
Шараға қатысқан Ғазиза ұстаздың ұрпақтары анасының есімі берілген кабинетке бірнеше бөлме гүлдерін сыйлады.
 Өнегелі шараны мектеп шәкірттері «Қазақстан Отаным» әнімен қорытындылады. 

Жадыра НАРИМАНОВА, 
Жарсуат ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521