ЖАҚЫНДА ЖЕР АЯҒЫ ҚИЯНДАҒЫ ТУМАҒА САПАР ШЕКТІК. ҚАШЫҚ ДЕМЕСЕҢІЗ, ИТТІҢ БАСЫНА ІРКІТ ТӨГІЛГЕН ЫРЫЗДЫҒЫ МОЛ ӨҢІР БОЛҒАНЫН БҮГІНГІ ҰРПАҚ БІЛЕ БЕРМЕУІ МҮМКІН. О ЖАҚТА ДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ОТЫЗ ЖЫЛДЫҒЫН ОЛЖАЛЫ ҚАРСЫ АЛЫП, ҚОЙНЫҚОНЫШЫ ҚУАНЫШҚА ТОЛҒАН ЖҰРТ БАР.
Бір кездері осы өңірді өрге сүйреген Сағидолла Құбашевтай қоғам қайраткерлері атпен жеткен қиырға бүгіндері көлікпен әрең жететіндейміз. Даму жылдамдығына шүбә келтірмегенмен кейде еріншектігіміздің де етектен тартатыны жасырын емес-ау осы. Өйткені, қыр жақты айтса зар жылап қоя беретініміз бар ғой.Ал азығы керек-ақ. Біз жортқан мезгіл құстар жылы жаққа қайтып жатқан күрең күздің соңғы айы еді. Жебедей сап түзеген Аққу сұңқылдап, қаз қаңқылдап, үйрек барқылдап туған жерді әнге бөлеп, сағыныш сазын айтып бара жатқандай бір қимастықты сезесің.
-«Құс жоғары ұшса, қыс төменде болады, жерге жақын ұшса, жоғарыда болады» деуші еді баяғының қарттары,- деді сонау Сүйіндіктің сүйікті перзенті, Өрлік ауылдық округінің әкімі Серік аға Сисатов жол қысқарту әңгімесінің шетін шығарып. Бағырлай өткелінен әрі өтіп барамыз. Ботаникадан хабары барларға Бағырлай деген құрақ тәрізді аласа шөп. Байырғы өзен соның атымен аталса керек. Олай дейтініміз көнекөздерден қарт Жайық осы болған дегенді де құлағымыз шалған болатын. Шортаны шоршып, сазаны тайдай тулаған өзеннің басынан бағы тайғалы қашан. Баяғыны айтып зар жылағанмен ештеңе шықпаса да сол дәурен қайта оралар ма? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келер ме дейсің? Жазда бұл аймақта сыңсыған мал болатын.
Күн көтерілсе болғаны топырақ қызатын болғандықтан ұзын сирақты өрістей алмай суат бағады. Әсіресе, бөгелектен қорғанған жылқы омырауын суға малып, онсыз да алып насостың күшімен әрең толып тұрған суды ластайды. -Жер тозды. Баяғылар «Жылқы көбейсе, жұт болады» дейтін. Сол келді. Қала жақта тұрып, далада жылқы ұстайды. Тойып секіргеннің кері,- деп әңгімеге қосылды жол бастаушымыз Туманың төл перзенті төрт түліктің көкесін танитын Исатай Насыров. Шынында да «Жылқы сәндік, қой малдық» деген ата-бабаның ескертпесіне құлақ аспақ түгілі – отырыстарда үйір жылқысы көптер алдымен сөйлейтін надан өмірге не дейсің? Ал, "неге жұт болады?" дейтін сұрақтың жауабына келер болсақ - жылқы өзге малдардай емес, шөпті түбірімен жұлып жейді. Тұқым қалмайды.
Ж.АМАНТУРЛИН