Жолдау жүктеген міндеттер – заман талабы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жақында ғана арнаған жаңа Жолдауы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталып, туған елінің ертеңіне алаң көңіл, әрбір елжанды адамға ой салып өткені хақ. 

«Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет» делінеді Жолдаудың бастапқы тұсында. Осы ұлттық қор жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілетін сараң мәліметтерде көңіл көншітерліктей жөнді әңгімелер айтылмайды.

Міне, Президент айтып отырса, ол шетелдік қаржы институттарына да бүйрегі бұрған, не үшін? деген сұрақ көңілде көлденеңдейді. Тиімді басқарылмай келгені де ащы ақиқат болып отыр. Біздің елде былыққа былғанбаған, батпаққа батпаған сала жоқтай.

Ұлттық қор – қиналғанда өзгеге жалтақтатпайтын тірегіміз емес пе еді? Оның айналасында да елдік ұлы мұраттарға жаны аши қоймайтындардың жүргені өкінішті, әрине! Оның жай-күйі, кімдер басы-қасында жүр, қандай мақсатқа шеті мүжілуде, халыққа осы жайында шынайы ақпарат беріліп отырса…

Бөлінген қаражат тиімді жұмсалуы тиіс

Мұнайлы аймақтағы барлық аудан бірдей «қара алтынмен» несібесін айырып отырмағаны белгілі. Мысалы, үлкен, көпұлтты киелі мекен, күй елі – Құрманғазы таза ауыл шаруашылығы ауданы саналады. Төрт түлігі жыл өткен сайын өз төлі есебінен молығып, асау арналары мен айна көлдері біртіндеп құрдымға сіңгендіктен балығы азая түсті, егін шығымдылығы да көңілжықпастық халде.

Атакәсіпке сеніп, оны өркендетуден басқа амалы жоқ құрманғазылықтар қолдауға зәру, қайыру бермейтін көп түйткілдерге кезігіп келеді. Жолдауда «Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет» деп еді Мемлекет басшысы. Арзан несие де құрығы ұзын, сөзін өткізуге «қабілеттілерді» төңіректеп кетпесе игі. Субсидия алып келгендердің де айналасында алып-қашты әңгімелер көп, төрт аяғын тең басып кеткендері бірлі-жарым. Ауданда ұялмай малын көрсететін тірлігі шындыққа құрылған ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, іскер азамат Сабыржан Сұлтанов басқаратын «Құрманғазы» өндірістік кооперативі ғана.

Жолдауда одан әрі «Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр.

Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам ұсақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық» деп жазылған.

Құнарлы топыраққа түскен дәндей шындық ерте ме, кеш пе бәрібір бір жерден жарып шығатынына міне, көзіміз анық жетіп отыр. Жалған мәлімет жинау, мәжбүрлеп шындыққа жанаспайтын ақпарат бергізу, бұған мүдделілердің сүйегіне сіңіп кеткені соншалық, беттері бүлк етпейтін болды. Президент Жолдауда ащы шындықтың бетін ашқанымен, бір-біріне жалғанып, біржола шырмалып қалған саланың республика, облыстан бері қарайғы буындарындағы «бұрмалаушылық дертінен» жуық арада айығып кетуіміз әй, қиын-ау деген ой еріксіз мазалайды. Орындалмаған жұмысты «орындалды» деуден, шықпаған егінді «шықты» деп, жоқ мал мен құсты «бар» деп көрсетуден қаймығатын мезгіл таяп қалғаны анық. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» болса, шімірікпей мемлекетті алдап келген жоғарыға «есеп бергіштерге» тықыр таянған сияқты, аяғын тартпағандар қазулы орға түсері кәміл, уақыт олардың да бет-пердесін сыпырады әлі.

Жаңа Жолдау өміршең мәселелерді терең зерделеген үлкен дайындықпен нақтыланған деуге негіз бар. Әйтпесе, «Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады» деп ашық айтылмас еді. Екі мыңнан астам заңсыз шешімнің ар жағында қанша мың гектар жер жатыр екен, қаншама екі жақты тиімді пайда ойлағандардың құйтырқы әрекеті бүркеніп жатыр екен, деп еріксіз ойға берілесің. «Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ» деп кесіп айтылса, қалайша разы болмассың. Қара басының қамын ғана ойлаудан әріге аса алмайтын, Жер-ананың ризығын әкесінен қалған игіліктей көріп, өзге жұртқа ол жерге аяқ басқызбайтын, қара халықты қайманадай жатырқайтын тасжүрекке айналған қандастар республика көлемінде көп те шығар, төңіректі көзбен сүзсең өз айналамызда да қараң-құраң етері кәміл.

Инфрақұрылым мәселесі оң шешілсе игі

Жолдаудың төртінші бөлімінде, яғни «Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажеттігі» айтылғанда тариф саясатын құйқылжыта беретін монополистерге мына ескерту өте орынды екені анық.

«Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда, тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды». Демек, тұрғындар үшін электр қуатына, газ, суға, басқасына төлемді орынсыз өсіре берме деп отыр Президент. Халықтың әлсіз топтары әлі де басым, жүйкесін жұқартпаны айтқаны бұл деп ұғынуға болады. Ал, оны қадағалайтын кім, «белгілі мөлшерден асырмаңыз» деп қабағын түйіп, пәрмен бере алатын қандай құрылым, мүмкін жергілікті әкімдік пен мәслихат?

Жолдауда биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатқаны айтылған. Оның ішінде бізге қатысты жыр болған Ақтөбе-Атырау-Астрахан күре жолы аяқталып қалды деп үміт үкілейді. Жақсы екен, қуана отырып, көңіліңе күдік пен күмән ұялайды. Осы аңсаған жолымыз 4-5 жыл тесілмей, бұзылмай тұра тұрса екен деп. Себебі, ауыр фура жүк көліктері сәт сайын ондап, жиырмалап жер солқылдатып үзіліссіз ағылып жатқаны. Олардың әрқайсысы алып келе жатқан жүкті біздің жол көтере ала ма, оны кім тексереді?

Сұрастырып көрсек, бұлай болуы темір жол тасымалының өте қымбаттығынан екен. Жүк иелері мұндай қадамға амал жоқтықтан баруда. Біздің ойымызды құптағандай Жолдауда былай делініпті: «Теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек. Бұл айдан-анық нәрсе. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді». Ләйім болай болғай, фуралар керуені жүктерін осыдан соң теміржол вагондарына ауыстырып, «Атырау-Астрахань автокөлік жолында тек жеңіл көліктер аман-сау жүйтки бергей!

Тегін дәрімен қамтуда тапшылық көп

Жолдаудағы ұлт саулығын нығайтуға бағытталған кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау мәселелері де өткір қойылған. «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ». 3,3 триллион теңге аз ақша емес қой! Оның ішінде жүрек, қант диабеті, т.б. сырқаттарға тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектер бар. Мәселен, біздің ауданда мен сияқты жүрегіне ота жасатқан жүздеген сырқат бар. Ай сайын тегін берілетін дәрілерді аламыз, оның ішінде қорабы 15 мың теңге тұратын «Юперио» дейтін дәрі бар, ол мемлекет қазынасы үшін қымбат екен, сол себепті ай сайын өзіміз сатып алуға мәжбүрміз.

Жуырда облыс әкімі Серік Шәпкенов келіп құрманғазылықтармен төрт сағат шамасы уақыт емен-жарқын сұхбат өткізді. Тұрғындар облыс басшысы алдына көкейкесті мәселелерін қойып, жауаптарын тапты. Сонда ІІІ топтағы еңбек мүгедегі, ардагер журналист мен де облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасарына «жүрек дертіне шалдыққандарға берілетін дәрі-дәрмектер ішінде неге «Юперио» жоқ?» деген сауалымды қойдым. «Ағай, ол қымбат дәрі, тегін берілетіндер тізімінде жоқ» дегенді естідім. Көрдіңіз бе, медицинаға бөлінген 3 триллион теңге бізге айына бір рет берілетін 15 мың теңгелік дәріні көтере алмайды. Кімнің пейілі тарыла қалды екен?

Жолдауда медицина саласындағы бассыздық, бетімен кеткендік анық көрініс тапқан. «Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды» делінді Президенттің аузымен. Ал, қазір «портал» деген пәлені күтіп, әрісін айтпағанда облыс орталығына сан айлар бойы жете алмай жүргендер қаншама?

Оны айтасыз, жергілікті жердегі дәрігеріңе бірнеше күн бойы кезегің тимей кіре алмайсың. «Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» дегендей, біз күтерміз-ау, бірақ, меңдеп тұрған сырқатың сенің дәрігеріңнің мұндай «еркелігін» көтере алмайды ғой, өкініштісі. Дәріхана иелеріне «қой дейтін қожа, әй, дейтін әже» жоқ, сол себепті дәрі бағаларын аспандатады келіп, демек «қолынан келеділер қонышынан басады».

Өзектер мен көлдердің орны ақ шаңдақ

«Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды» делінген Жолдауда.

Каспий қайраңын игергелі бері теңіз жануарлары – итбалықтар, жабайы шошқалар, түрлі құстардың, балықтардың өліміне әлсін-әлсін жол берілді. Теңіз жағалығының мүлгіген ғажайып табиғаты бүлінді. Әрине, мұның бәрі, «қызыл кітапқа» енген аң, құстар, өсімдіктерге қолайлы жағдайдың болмағандығы, тыныштығының бұзылғандығынан екені айтпаса да түсінікті. «Каспий резерваты» аймағы жылда қызыл жалынға оранады. Аң, құстардың ұясы ғана емес, өздері де бірге өртенетіні дағдыға айналған. Осы қорықты жылда өрттен қорғай алмау шарасыздық емеспе? «Биыл осыншама гектар алқапты қызыл жалын құштырдық, биыл сақ болайық, қырағылықты күшейтейік» дейтін бұл мәселеге жауаптылардың табылмауы өкінішті ақ.

Жолдаудағы су көздеріне қатысты талаптар да көңілден шығады. Біз Еділ мен Жайық, Қиғаш өзендерінде, олардың салаларында қаршадайымыздан балығымен бірге жүзіп өскен сулы, нулы өлкенің ұрпағымыз. Он шақырым жерге он бес өзектен өтіп барып жететінбіз. Қазір сол өзектер мен көлдердің орнын ақ шаңдақ басқан. Қайғылы, жұтаған көрініс жаныңды құлазытады.

Президент бұл мәселелерге орынды алаңдаушылық білдіреді. Өйткені, сан миллиардтар шығындап Жайықтың, Қиғаштың, Каспийдің бізге қараған жағалығындағы бірнеше жылдардан бергі түп тереңдету жұмыстарының жергілікті халық әзірге оңды нәтижесін көре қойған жоқ. Мәселе сонда. Жолдауда айтылғанындай, энергетика, құрылыс салалары сияқты сумен жұмыста да кадр тапшылығы өткір күйінде қалып отыр. Сондықтан мұны «Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет» деп қадап айтты. Түйіндеп айтқанда, айта берсе жаңа Жолдауда олқы тұстарымыздың орынын толтыруға негізделген нақтылы міндеттер бар, әрине ол халық пен билік тарапынан қолдау тапса ғана өз жемісін бермек. «Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуы тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз әлге пайдасын тигізу қажет» делінуі де сондықтан.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

жазушы, ҚР Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Құрманғазы ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521