Жақында аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия төрағасы Дарын Шамұратов төрағалық еткен отырыстың күн тәртібінде аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Шакимовтің «Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және балаларды отбасына орналастыру, патронаттық тәрбие беруді дамыту» туралы баяндамасы тыңдалынып, талқыланды.
Ауданда қорғаншылық және қамқоршылық кеңесте барлығы 20 бала бар. Оның 16-сы жетім, 4-еуі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Жазғы демалыс кезінде қамқорлықтағы екі бала Италия мемлекетіндегі «Чезенатико» қаласындағы лагерьде демалып келіпті. Сондай-ақ дәстүрлі түрде өтетін «Мектепке жол» акциясы кезінде демеушілер арқылы және мектептердің міндетті орта білім қорынан аталған оқушыларға ақшалай, киім-кешек және оқу құралдарымен көмектер көрсетіліп келеді. Ал жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың барлығы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы үй кезегінде қойылған болса, 2015 жылы қамқорлықтағы 7 бала баспанамен қамтамасыз етіліпті.
Жиын барысында комиссия мүшелері аудандық білім бөліміне ата-аналардың педагогикалық белсенділігін қалыптастыру, оқу үрдісіне белсенді араластыруға, сабақтан тыс әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша жұмыспен қамту, бөлім тарапынан патронаттық тәрбиешілерге қажетті көмек көрсету, баланың өмірі мен тәрбиесі үшін қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге ұсын жасап, ол бірауыздан қабылданып, комиссия төрағасымен қорытындыланды.
Д.АЙБАР.