ЖЕРЛЕСІМІЗ ҰМРАҒА АТТАНАДЫ

Ауыл азаматтарының жылуымен соңғы жылдары бірқатар игі іс жүзеге асып келеді. Соның бір айғағындай, өткен жұмада Индер ауданы Есбол ауылының тұрғындары ауылдағы мешіттің бас имамы Марат Жалмұхановқа Ұмра қажылығына жолдама сыйлады.

Ауылдағы «Мейірім» еріктілер тобының ұйтқы болуымен ауыл азаматтарының демеушілігімен бір апта ішінде қаржы жиналыпты. Мұндай тосын сыйды күтпеген Марат Жалмұханов Аллаға шүкірлік пен жамағатқа алғысын білдіріп, көзіне жас алды.

– Ауылымызға еңбегі сіңген, жастайынан мешітімізде имам болып келе жатқан Марат Жалмұхановқа ауыл азаматтарының демеушілігімен кіші қажылыққа жолдама табыстадық. Ұзақ жыл бойы ауыл азаматтарын имандылыққа, ізгілікке тәрбиелеп келе жатқан азаматты көп балалы әке, үлгілі азамат деп білеміз. Бүгінде отбасында алғашқы қуаныш той болып жатыр, сол қуанышына ортақтасып, ауыл тұрғындары атынан осындай сый жасалды. Игі іске мұрындық болған ауыл азаматтарының, кәсіпкерлердің ауызбіршілігіне ризамыз. Сауапты іс жасағанымызға дән ризамыз, - дейді «Мейірім» еріктілер тобының жетекшісі Гүлшара Нұрмұханова.

Жадыра НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT