Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда бірқатар мәселелер көтерілді. Президент озық ойлы ұлт болу үшін жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керектігін баса айтты.
Өз сөзінде: «Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл - мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек, деп нақтылады.
Иә, бұл қоғамдағы өзекті тақырып. Осы тұста түрлі ақпараттық кеңістіктің де әсері бар. Неге десеңіз, әлеуметтік желілер арқылы балалар да, ересектер де күн сайын сан алуан ақпаратты көреді, оқиды. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид, буллинг, агрессия, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді жағымсыз тақырыптардың жиі жариялануы қоғамдағы алаңдатарлық жайт.
Қоғам мәдениеті – әр адамның сөзі мен ісінен құралады десек, әр адам тәртіп пен тіл тазалығына мән беріп, өзгеге құрмет көрсету – озық ұлт болудың негізгі өлшемі екенін ұғынуы қажет.
Жадыра НАРИМАНОВА
Индер ауданы