Жастардың бойында адамгершілік тәрбие, патриоттық сезім қалыптастыру әрқашан өзекті. Бұл жөнінде аудандық ардагерлер кеңесінде өткен жиында кеңінен айтылды.
Жиынды алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев бастап, өткізілгелі отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Ұйымда төрт комиссия жұмыс істесе, соның біреуі осы жастармен жұмыс жөніндегі комиссия екенін айтып өтті. Одан соң ардагер Тасқали Темірболатов сөз алып, патриотизм турасында айтылған пікірлерді өз өміріндегі мысалдармен жеткізді. Қазақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылық, Отанды, елді, жерді сүю, отбасын құрметтеу, қорғаудың отбасынан басталатынын жиналған жастарға тиянақты түсіндірді.
– Біздің уақытымызда әскер үш жыл еді, өз басым Польшада болдым. Сол уақытта өз жанымызды қиып, Отанды қорғауға тырыстық. Өзге ұлттардың ішінде бір татар және жалғыз қазақ мен едім. Жақында ғана газеттен «Баламды әскерге жібермеймін» деген мақала оқыдым. Сонда Отанды кім қорғайды? Ата-бабамыз бізге осы елді аманат етті, біздер сіздерге аманаттаймыз. Жастардың бойында әскерге бармаймыз деген ой болмау қажет. Әскер сендерді өмірге үйретеді, тәрбиелейді, ерік-жігер береді, алға жетелейді,-деп ол аталық ақылын айтты.
Жастармен жұмыс жөніндегі комиссия төрағасы Бақыт Қарекешова ұйымдастырылып отырған шараның алдағы уақытта жалғасын табатындығын айтып, жастардың белсенділігі үнемі жоғары болу керек дей келе, мектеп кезінен бастап Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы кітаптарды оқып, соларға қызығып өскендігін және жастарға көркем әдебиетті, соның ішінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын оқуға кеңес берді. Ардагерлер мен жастардың бас қосқан жиынында кешегі жыл басындағы баршаны дүрліктірген «Қасіретті қаңтар» оқиғасы туралы да сөз қозғалды. "Өзіміздің әлпештеп тәрбиелеген ұрпағымыздың өзгенің сөзіне еріп, ашу мен ызасын құрықтай алмай, өз ұлтымызға қастандық жасауына не себеп болды, жастарымыздың тәрбиесі неге әлсіреді?" деген ардагерлердің сөзі де жастарға үлкен ой салғаны анық.
Содан соң сөз алған ардагер ұстаз Таллин Тұрсынғалиева отбасында сүйіспеншілікке ие болған бала елін де, жерін де сүйетін ұрпақ болып шығады дей келе, өз өмір жолындағы Санкт-Петербургке жолдасының әскери борышын өтеген жерімен арнайы танысу үшін, әрі Әлия Молдағұлова ескерткішіне арнайы гүлшоғын қойып, эрмитажды аралаған сәттегі ерекше сезімімен бөлісті.
Ардагер Бақыт Жаимова: - «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлтымыздың дана сөзін ешқашан ұмыт қалдырмайтын жастарымыз кешегі карантин уақытында қайырымдылық шараларын өткізіп, азық-түлік, бетперде таратты. Бұның барлығы олардың бойындағы патриоттық сезімнің бар екендігінің дәлелі. Бұдан өзге еліміздің мақтанышы Димаш Құдайбергенов те қазақ әні мен күйін шетелдерде дәріптеп, өзге ұлттың қазақ тілінде ән айтуына септігін тигізіп жүр. Сол секілді дарынды жастарға біздер әрқашан қолдау білдірсек, бәрі жақсы болады,-деді.
Бұл сөзді Биғайша Нұрсұлтанова, Серік Жұқиев сынды ардагерлер де құптап, Қуанғали Ғабсаламов жастарды дінге абай болу керектігін, нағыз ұстаздан дәріс алып, тура жолдан таймауға шақырды. Жиын соңында аудандық жастар орталығының директоры Темірлан Бертлеуов те аға буынға алғысын білдірді. Осылайша, қоғамдық ұйым жанындағы жастар комиссиясының алғашқы отырысы патриоттық тәрбиеден бастау алса, алдағы уақытта өз жоспарлары бойынша жұмыс әрі қарай жалғаса бермек.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ