Аудан әкімдігінің мәжіліс залында VIII шақырылған Индер аудандық мәслихатының І сессиясы өткізіліп, алғашқы сессия жұмысын аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділгерей Сәкенов ашып жүргізді.
Әнұран айтылған соң, сессияның жұмыс регламентін бекітіп, күн тәртібімен таныстырды. Онда 19 наурыз күні өткен аудандық мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысы, VIII шақырылған аудандық мәслихатының төрағасын сайлау мәселелері қаралды.
Алдымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділгерей Сәкеновтің хабарламасы тыңдалды.
Одан соң, сессияға қатысқан аудан әкімі Дарын Шамұратов аудандық мәслихат депутаттарының жаңа құрамына сәттілік тілеп, алдыңғы шақырылымда депутаттық қызметті атқарғандарға ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Мәслихат төрағасына ұсынылған кандидаттарды сайлау ашық дауыс беру арқылы жүргізіліп, Абзал Меңдіқұлұлы аудандық мәслихат төрағасы болып сайланды.
Одан әрі мәслихат жанындағы 3 тұрақты комиссияның құрамы бекітілді.
Жаңадан сайланған мәслихаттың бірінші сессиясының отырысына қатысқан аудан әкімі Дарын Шамұратов мәслихаттың жаңа құрамына ел игілігі жолында жемісті еңбек тілеп, өздеріне сенім білдірген сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті үнемі есте сақтау қажеттігін айтты.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ