Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, «Дендер» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «TalaptanInder» жобасы аясында «Talaptan Grants» Индер ауданы жастарына арналған шағын грант ұйымдастырылған болатын.
Нәтижесінде 15 өтінім комиссиямен қаралып, 3 жоба жеңімпаз атанды. Сол жобаның бірі Елтай ауылының тұрғыны Зейнешов Әділ Болатұлы Елтай ауылынан өтіп жатқан Бағырлай каналы үстіндегі тұрғындардың қатынауына арналған 3 көпірді жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл тұрғындары ризашығына бөленіп, Әділдің бастамасы ауылға үлкен көмек болғаны айтылды.
Индербор кентінің тұрғыны Нұғыманов Қайрат Абайұлы «Индербор кентіндегі балалар ойын алаңдарын жөндеу жұмыстары» аясында Индербор кентіндегі балалар ойын алаңдарын ретке келтіріп, үзілген, сынған ойын құралдарын жөндеп, барлығын сырлап, өз жұмысын сапалы, толық орындады.
Және үздік бір жобаның иесі Өмірзақова Гүлназ Жасұланқызы «Қауіпсіз үй-бақытты отбасы» тақырыбында қазіргі таңдағы ең қауіпті төтенше жағдайлардың (терезеден байқаусыз балалардың құлап кетуі және өрт) алдын алу, болдырмауға кішкене болса да үлесін қосу мақсатында әлеуметтік осал топтардан шыққан, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға тегін терезе блокираторлары мен газ сигнализация құралдарын орнату жұмысын атқарған болатын. Нәтижесінде 300 дана блокиратор және 100 дана газ сигнализациясы орнатылып, тұрғындарға төтенше жағдайдың алдын алу туралы таратпа қағаздары таратылды.
Алдағы уақытта осындай жобаларға Индер ауданы жастарын белсенді болуға шақырып, ауылымыздың әлеуметтік мәселесін шешуде ат салысу әр біріміздің борышымыз екенін айтқымыз келеді.
«Дендер» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Сидегалиева


