ІІ дүниежүзілік соғыс – өткен жиырмасыншы ғасырдағы ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы алапат соғыс. Сол қан майданның бел ортасында жүріп, жеңісті жақындатқан ардагерлердің бірі – жерлесіміз, марқұм Зинеден Қабдешев еді.
Зинеден ағай 1923 Атырау облысы Индер (Есбол) ауданы Өрлік ауылдық кеңесінің Тума елді мекенінде дүниеге келген. Құм өресінде балалық шағы өтіп, кейін Өрлік ауылындағы мектептен дәріс алған алғыр бала оқуын ұштастырып, терең білім алады. Осы білімінің арқасында соғыс басталған жылы жауапкершілігі мол Есбол аудандық НКВД-сында қызмет етеді. Дегенмен бозбала жігіт сұрапыл соғысқа барып, фашистерге соққы берсем деген ойынан қайтпайды. Сөйтіп 1942 жылы бастапқыда Гурьевтегі жаяу әскери училищесіне оқуға түсіп, оны толықтай бітірмей, ант қабылдап, Воронеж қаласына майданға аттанады. Зинеден ағаның естелік жазбаларындағы үзінділерді оқып, оның майдан даласында ерлікпен шайқасқанын көруге болады.
«...Мен 1942 жылы маусым, шілде айларында әскери әзірліктен өтіп, тамыз айында әуелі Воронеж, кейін қыркүйек айында Сталинград қаласының түбіндегі соғысқа қатыстым. Ол кезде фашистер қаланы басып алуға бар күшін салып жатқан болатын. Қала маңында кескілескен ұрыстар жүріп жатты. Қара жер қақ айрылғандай, астаң-кестең. Бораған оқ, жарылған снарядтар. Біздер қаладан 10-12 км кең жазық далада болатынбыз, жаумен арамыз 200-300 метр шамасындай, фашистер бекінісі мықты бір биіктіктің беткейіне орналасып алған. Күн ыстық, қала жалын ортасында. Бесінші күн өтсе де төрт күн бойы тамақ, су жеткізілмеді. Аңқамыз кепкені соншалық бір жұтым суға зар болдық, ал аштықты ұмытады екенсің. Біз немістер орналасқан биіктікке үш рет шабуылға шықтық, бірақ сәтсіз аяқталды. Биік төбеге орналасып алған жау тобы біздің жақтағы қыбыр еткенді бағып жатты. Оның үстіне ракеталарды әлсін-әлі самсатып оқ жаудырып тұрды. Екі танкімізді төбе басына шығармай-ақ өртеді. Біздің тапсырмамыз сол биіктікті жаудан тазарту еді. Ақыры ол биіктікті алдық, ол оңай келген жоқ, стратегиялық шабуыл кезінде бірге болған жауынгерлеріміздің біразы мерт болып, сол баурайда жантәсілім етті. Мен жеңіл жарақат алдым».
Зинеден ағай госпитальда бір ай жарым жатып, жазылып қатарға қосылады. Госпитальдан шыққаннан кейін басқа бөлімшеге ауыстырылып, миномент тобының (расчетының) командирі болып белгіленеді. Бар жауапкершілікті мойнына алған жас жігіт 19 қараша күнгі шабуылда Дон маңындағы көптеген жерді фашистерден азат етуге қатысады. Сталинград түбіндегі қоршауда қалған неміс басқыншыларымен соғыста Зинеден ағай екінші рет жарақат алады. Бұл жолы аяғынан ауыр жараланып, Саратов қаласындағы госпитальда төрт ай емделеді. Ол 1943 жылдың сәуірінен тамыз айына дейін басқа бөлімнің құрамында Орел, Курс шайқасына қатысады. Зинеден ағайдың жазбасына қайта оралайық.
«...1944 жылдың тамыз айының орта кезінде біздің артиллерия полкына Висла өзенінен өтіп, жау жағындағы беткейге беркуге тәртіп болды. Өзеннен өту оңай емес, кішкене ғана паром бар. Біз күн батуын күтіп түнде еш дыбыссыз әрбір зеңбіректі өз адамдарымызбен өткізіп, бекініс жасауға көштік. Алайда фашистер біліп қалып, паромды атқылап, быт-шытын шығарып, төртінші зеңбірегімізді өткізе алмадық. Үш зеңбіректі пайдаланып, жау шабуылына тойтарыс беріп тұрдық. Таң біліне жау беткейіндегі біздің бөлімшеміз артиллериямен шабуыл жасап, жауды үш километрдей жерге ығыстырдық. Жау жағы біздің бар күшімізді жоқ ету үшін танкпен шықты. Ұрыс қатты болды, біздің зеңбіректің наводчигі өліп, екі жауынгеріміз жаралы болды. Мен зеңбірекпен атуды өзім қолға алдым. Түс мезгілінде жау жағының шабуылы бәсеңсігенімен бір снаряд зеңбіректің түбінен жарылып, мен тағы да жарақат алдым. Қиян-кескі ұрыста ерлік көрсеткен бір топ жауынгерді ордендер мен медальдарға ұсынды. Ал мен ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталдым»
Сол жылдары Зинеден ағай жарақаты жазылғасын қайтадан соғысқа кіріп, бірнеше шабуылды бастан кешіреді. Кезекті бір шайқаста деревняда жау қоршауында қалып қоя жаздайды. Байланыс үзілген, қою қараңғылық түседі. Жан-жаққа барлаушылар жіберіп, жаудың осал тұсын анықтауға тырысады. Деревняны немістер қоршап алған, шығар жол таппайды. Ақыры нартәукел деп таң атқанша қоршауды бұзу шығу үшін зеңбіректі сүйреп әкеліп, бірнеше снарядты үсті-үстіне атқылап, астаң-кестеңін шығарады. Ақыры жау есін жиғанша зеңбіректі машинаға тіркей салып, қоршауды бұзып шығады. Зинеден ағай Польша, Украина жерін азат ету соғыстарына қатысып, Жеңіс күнін Берлин түбінде қарсы алады. З.Қабдешев осылайша соғысқа бастан-аяқ қатысып, елге Жеңіспен аман оралады.
Гвардия аға сержанты З.Қабдешев жеті ірі шайқасқа қатысады, соның ішінде Сталингадтан бөлек Курск дугасында, Корсунь-Шевченковская операциясына, Сандомир плацмдары шайқасы бар. Үш рет ауыр, төрт рет жеңіл жарақат алады. Осы шайқастарға қатысқан ерліктері үшін ІІІ дәрежелі Даңқ, І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальмен наградталады.
З.Қабдешев елге оралғаннан кейін 1946-1950 жылдары «Папанин», «Тума», «Толыбай» мектептерінде мұғалім, С.Сейфуллин атындағы орта мектепте директор болды. 1949-1965 жылдар аралығында «Правда» ұжымшарында партком, 1965-1980 жылдары өндірісте, ауыл шаруашылығында, партия, кеңес орындарында басшылық қызметтерде болды.
Отбасын құрды, ұрпағы жайылды. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, Индербор кентіндегі бір көшеге соғыс және еңбек ардагері Зинеден Қабдешевтің есімі берілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Өрлік ауылы