Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «ұлттық қолөнер – тарих көзі» атты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. Мақсат – дәстүрлі қолөнер кәсібін дамыту, өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға қызығушылығы мен құрметін арттыру, ел ішіндегі шеберлерді тауып дәріптеу және олардың қолынан шыққан ұлттық бұйымдарды халыққа таныстырып, кеңінен насихаттау.
Шараның ашылу салатанатында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов құттықтап, қолөнер арқылы ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде халық өнерін насихаттап, оны жаңартып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып келе жатқан қолөнер шеберлеріне сәттілік тіледі.
Облыстағы аудандармен Атырау қаласынан барлығы 20 қолөнер шебері қатысқан шарада қатысушылар өз туындыларының жасалу барысы туралы шеберлік сағаттарын өткізді. Аталмыш көрмеге Индер ауданынан оқушылар шығармашылық орталығының І санатты қосымша білім беру педагогі, «Робокоп» үйірмесінің жетекшісі Өтепқали Нәсіпқали Зинелғабиденұлы қатысып, «Асығың алшысынан түссін» топтамасын ұсынды. Негізінен малдың сүйегінен және терісі мен ағаштан әп-әсем қиюластырып жасаған дүниелері көрме тамашалаушыларын бей-жай қалдырмады.
– Туындыларым негізінен малдың өнімі болғандықтан, материалына көп қаражат шығындамаймын. Астан қалған малдың сүйектерін тұз қосып қайнатып, майын шығарғасын, кептіріп, пайдалана беремін. Негізінен қойдың сүйегін қадеге асырамын. Қолым босағанда, ермегім – осы. Қазір қолөнерге сұраныс та артып келеді. Көбіне сый ретінде тарту етуге қызығушылық білдіріп, саудалап алады. Ал бұл күнгі облыстық көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Керемет әсермен оралдық. Көршілес аудандардың қолөнершілерінің өнерлеріне тәнті болып, тәжірибе алмастық, – дейді ол.
Нәсіпқали Зинелғабиденұлы – Жарсуат ауылының тумасы. Ақтөбе индустриалды педагогикалық техникумын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Еңбек және технология пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқу ордасы өндірістік оқу мектебі кезінде «Авто ісі» мамандығы пәні мұғалімі, №5 кәсіптік техникалық мектебінде өндірістік оқу шебері, кейін оқушылар шығармашылық орталығында қосымша білім беру педагогі қызметін атқарып келеді. «Кәсіптік бағдар берудегі тиімді әдістер», «Оқушыларды кәсіби мамандыққа оқытудағы жаңаша ізденістер» тақырыбындағы баяндамалары облыс көлемінде үлгі ретінде таратылған. Қазақстан Республикасы ұлттық бизнесрейтингтер одағы «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін», Республикалық «Өрлеу» БілімҒылым технология интернет порталы «Ұлағатты Ұстаз», авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов медальдарымен, «Қазақстанның білім беру саласының үздігі», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Қоғамдағы әке беделін арттыруға үлес қосқаны және білімімен, ізденімпаздығымен, еңбегімен жас ұрпаққа өнеге көрсеткені үшін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия» шешімімен «Қамқор әке» дипломына да ие болған.
«Көркем еңбек пәнінің үздік педагогі-2020» атанған. Көркем және сәндікқолданбалы өнер және жас өнертапқыштар бойынша шәкірттері республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Жұбайы Жайнагүл Жұматқызы аудандық көп бейінді ауылшаруашылық колледжінде ұзақ жылдан бері өндірістік оқу шебері болып жемісті еңбек етіп келеді. Отбасында қызы Үміт тұрмыста болса, үлкен ұлы Хамидолла Индер байлығын игеріп жатқан «ИСИГипсИндер» ЖШС-нде еңбек етеді. Келіні Құндызай Аманбайқызы және Айжұлдыз, Айзере атты немерелері бар. Сондай-ақ, кіші ұлы Нұрхан Атырауда Қайырғали Смағұлов атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып еңбек етуде.
Саламат САНСЫЗБАЙ