«Сәтбаев қайтты, Сәтбаев...»

Осыдан тура жиырма жыл бұрын бір балақай ақсақалымыз Аманғали Бердіғалиевтың шарбақ есігін «Сәтбаев қайтты, Сәтбаев...» деп айғайлап аша хабар жеткізіпті. Бұл – үш мәрте «Қазақстан Республикасының кен орнын алғаш ашушы» атағының иегері, дала академигі атанған геолог, шежіреші Қасым Тұхфатовтың жүрегі мәңгіге тоқтаған 1999 жылдың 12-ші қыркүйегі еді.

Осы өңірдің қазба байлығын зерттеуші ғана емес оның ел игілігіне жарауына ерекше үлес қосқан Қасым Тұхфатов 1933 жылы 9 ақпанда Махамбет ауданының (сол кездегі Жаманқала) Бақсай (Шой) ауылында он баланың бірі болып дүниеге келген. Ол кезде совет үкіметінің «олла» деген сөз көрсе зәре-құты қашатын мезгіл еді. Сондықтан әкесінің інісі Ғиниятолла, әкесі Тұхфатолла да молданың балаларысыңдар, тағысын тағы деген жаламен партиядан шығарылып, қиындыққа кезіксе де аққа құдай жақ болып шыға береді. Қасекеңнің қарындасы, ардагер-ұстаз Меруерт Тұхфатқызының естелігі бойынша 1898 жылы Тума ауылында дүниеге келген Тұхфатолла әу баста Ахун-Хазрет атасының медресесінде оқыса, 1911 жылы Қырым Қожа мектебіне қабылданады. Ағартушылық қызметке бет бұрып, Сарайшық, Бақсай, Манаш ауылдарында мұғалім, мектеп директоры, мектеп салу жұмыстарына белсене араласады. Жаңыл анамызбен отау құрып, ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Солардың ішінде Қасымы бір төбе болып қалыптасады. «Әлі есімде, 1935 жылы оқушылардың көбеюіне байланысты Таңдайда мектеп орталау дәрежесіне көтеріліп, оған директор болып, Әбішев Тұхфат деген білімді, тәжірибелі, парасатты адам тағайындалды,-деп жазыпты мемлекет және қоғам қайраткері Оңайбай Көшеков. Міне, осындай қасиет иесінен дарынды ұл тумасы мүмкін емес те еді. -Қасым екеуміз Жаманқаладағы Сары мектепте бірге оқыдық. Ол орыс класында оқыды. Өте сауатты, тәртіпті, саналы болып өсті.

Аралас-құралас болдық, жайлы, үнемі ізденіс үстінде жүретін. Сол ұқыптылығының арқасында абыройға ие болды,-деп еске алады ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Алпан аға Ибрашев. Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен институтының геологиялық барлау факультетінде оқып, сол кезде ғұлама Қаныш Сәтпаевтан дәріс алады. Кейін оқуын тәмамдаған соң ол кездің тәртібіне сай жан-жаққа жолдама берілгенмен туған жерге қарай тартады. Осылайша Индер геологиялық барлау экспедициясына жұмысқа орналасады. Алайда қазақтың жас мамандарына деген сенімсіздіктің оты тұтанып, бірден жағдай жасалына қоймайды. Оны Қасым ағамыз «біз келгенде кәсіпорындағы басшылар бірден қабылдай қоймады. Бұрын келгендердің өздері де мамандықтары бойынша жұмысқа әрең орналасқан. Содан бізбен бірге келген Ерік Аймұратов осында қалды да Муфтах Дияров екеуміз Махамбетке кеттік. Бұл жердегі басшылар ауысқан соң ғана орналасуға тура келді» деп айтып отырады екен. Осылайша өзі сүйіп оқыған мамандығына құлшына беріліп, теорияда алған бар білімін таудың құпиясын ашуға сарқа жұмсайды. Өзінің еңбекқорлығы мен ізденісі нәтижесінде қатардағы геологтан басшыға дейін көтерілуі оған деген сенімнің белгісі еді. Өзі тұрғылас Алпамыш Тұрсынғалиев, Мәди Еркінғалиев, Ерік Аймұратов, Муфтах Дияров, Отар Жиренов, Хасан Қамашовпен бірге осы өңірдегі барлық зерттеу жұмыстарына білек сыбана араласты.

Ол кезде Индер геологиялық барлау экспедициясының мамандармен қамтылуы да жалпы жағдайы аса тәуір бола қоймаса керек. Сондықтан да Ресейден мамандар келіп, зерттеу жұмыстарының қорытындысын сол жақта шығарып бекітетін болғаны жөнінде геологтар әңгімесінен жиі еститінбіз. Дала кезген олар 1955 жылы геолог М.Дияровпен бірге Индер күмбезінің оңтүстік шығыс бетінен табылған жаңа кен орнының 1:100000 масштабындағы кескінін дайындаған. Кейін гипс қабаттары жатқан №99,100,102 кен орындарының ашылуына әкелген күмбездің 1:25000 масштабындағы геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізген. Әсіресе, Қасекең алғаш еңбекке араласқан кездегі ұстазы геолог Коробов Семен Семеновичтің қамқорлығын, үлкен өмірге баулығандағы адамгершілігін әр кез бағалап өтіпті. Ардагер журналист Сансызбай Базарбаев геологтардың атқаратын жұмысына тоқталып: «Мысалы, 1000 метрлік ұңғы кенге жету үшін алдымен 50 метрлік гипстен өтеді. Оны шапка деп атайды. Одан соң 14 метр су бар. Ал ол судың астында тұз. Арасында мөлшерлі мұнай, газы да жетерлік. Міне, осындай жер қыртысынан өту, оның құрамын білу өте қиын іс», деп жазады. Шын мәнісінде геологтардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері орасан зор екені сөзсіз. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп қазақтың құлагер ақыны І.Жансүгіров жырлағандай ана жылдары №99 кен орнына Қасым Тұхфатовтың есімі берілді.

Дәлірек айтсақ, 2003 жылы сол жерде салтанатты жиын өтіп, аудан, облыстан келген зиялы қауым өкілдері ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, әсіресе, қазақ баласы тәуекел етіп бара қоймайтын мамандықты меңгеріп қана қоймай оның шыңына көтерілгендегі қайсарлығын бағалап, арнайы белгі орнатылған болатын. Онда «№99 Қасым Тұхфатов атындағы кен орыны Индер, Сәтимола борат және Индер ас тұзы кендерін алғаш ашқаны үшін үш дүркін «Қазақстан республикасының кен орнын алғашқы ашушы» атағын алған, есімі республикалық Алтын Құрмет кітабына жазылған, «КСРО-ның Құрметті кен барлаушысы» деп тайға таңба басқандай жазылған еді. Өкінішке орай бүгінде ол белгі қолды болып, ізі де қалмауы барды бағалай білмейтінімізді көрсетіп-ақ тұр. «Қасым Тұхфатов өз саласының білікті маманы әрі іскер басшысы ретінде Мәскеу, Петербор, басқа да ірі қалаларда болғанда және Индерборда одақтық дәрежедегі іргелі кеңес өткізгенде ғалымдармен тең сөйлесіп, өз көзқарасын шебер жеткізген.

Ал 1957 жылы ауданға келген Қазақстан Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтпаевпен, онан соң СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаевпен кездесіп, Индердің байлығы жөнінде қойған сұрақтарына тұшымды жауап қайтарғанын жерлестері әр кез мақтан тұтады. Мұның бәрі де Қасекең өз мамандығын жоғары дәрежеде игергенін әрі ортасына сыйлы бола білген басшы екендігін дәлелдей түседі», деп жазды журналист Сүйеу аға Халықов. Әрине еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. «Құрмет белгісі» ордені парасат иесіне берілген нағыз марапаттың өзі десек, онан басқа «Калийные соли Казахстана» және «Условия образования и способы переработки галогенных боратов» атты екі күрделі монографиялық еңбегі мен отыздан астам жазылған ғылыми еңбегін көрген астаналық жазушылар «Қорғалмаған докторлық» деген мақала жазыпты дейді естелік әңгімелерде. Қарапайым Қасекең өмірлік жары Қанзибамен мағыналы ғұмыр кешіп, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Баспахана ардагері Маргарита апа Бозаева: -Ол кісімен достығымыз жарасып, отбасымызбен араласып тұрдық. Жаны жұмсақ, қонақжай, қарапайым, адамгершілігі мол, қайырымды болатын,-деп еске алады.

Жаны жұмсақ дегеннен шығады ғой күнделікті ретімен Қанзиба апай немересін бақшасына апарайын десе әлгі тентек қиқылға салыпты ғой бармаймын деп. Содан балажан Қасекең өзі апаратын болады да жасырып алып қалатын көрінеді. Осы бір жолдасымен жасырынбақ ойнаған тәрізді әрекеттен көзге көрінбейтін, айтуға тіл жетпейтін қаншама құндылықты сезесіз. -Қырық жыл Қасекеңмен өмір сүрдім. Еш уақытта үй жұмысына алаңдаған емес. Кешкі тоғызжарымсыз жұмыстан келмейтін. Сондай таза, бір дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін еді,-деп еске алады медицина саласының ардагері, жолдасы Қанзиба апа Өтеулиева. Таулар алыстаған сайын биіктей беретініндей мұндай асыл, зайырлы адамдардың есімі әрқашан ардақтала беретіні сөзсіз. Баяғының қарттары неден шығып кетіп еді деп әңгіменің басын қайырып тастап отырады екен. Ендеше, баланың аузына құдай салады деген Қасым Тұхфатов біздің Қаныш Сәтбаевымыз еді ғой.

Айтпақшы, бала болса да теңеуді тауып айтқан сол тентек кім болды екен?

Ж.Амантурлин

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521