Қарақшылар "құдайы қонақ" болып келген

 «Өмірәлі» қыстағындағы өмір мен өлім арасындағы айқасты естігенде жағамызды ұстап, кісі аман ба екен дескенбіз. Өйткені, қарақшылар жақында қойшының үйіне "құдайы қонақпыз" деп келіп, арам ойларын жүзеге асырыпты.

Сол жерде, дәлірек айтсақ Есболдан Ынтымаққа қарай Жайық өзені жағасына жақын қыстақта «Әділгерей-Ата» шаруа қожалығы біраздан бері қыстайды. Шаруа басшысы Талғат Молдашев желтоқсаннан бері төлдей бастаған қозыларын жамыратып, малын қоралап болған соң үйіне келеді. Жұбайы Алма мен балалары Индерборда қызметте болғандықтан көбіне жалғыз өзі шаруаны тындыра беруге әбден үйренген. Әрі осы аймақтың төл перзенті болғандықтан ештеңеден сескене де қоймайды. Дегенмен, қатеге қайдан дерің бар ма? Кешкі тамағын ішіп, телевизорын қарап жатқаны сол-ақ еді іңір қараңғысы шамасында біреу жатын бөлмесінің терезесін қағады.

-Бұл кім?- дейді ғой қаннен қаперсіз.

- Ой, аға, біздер атпен жүргенбіз. Тоңып қалдық. Жылынып алайық деп едік,- дейді бейтаныс жандар. Содан екі жігіт кіріп амандасқан соң Талғат жалма-жан шай қойып, дастархан әзірлеп, өзі ортаға қарай ығысып отырады да:

- Ал енді өздерің құйып ішіңдер,- депті.

Біреуі пешке жылынып тұрған. Талғат оның бетіне бір қарапты да телевизорымен бола беріпті. Кенет немен ұрғаны белгісіз желкеден тиген соққы көзден от ойнатып жібереді. Жауырыны қақпақтай қайратты жігіт сонда да тұра ұмтылғанда көзіне газ шашып, есінен айырады. Сәлден соң есін жиса телевизордың шнурымен қол-аяғын байлап, екі бөтекесінен теуіп-теуіп қансыратып тастағаны өз алдына біреуі күштеп басып отырған көрінеді. Ал екіншісі, үйді қорыс қылып тіміскілейді.

- Мыналарың дұрыс емес. Төрімде отырып, дәмімді татып, осылай жасауларың. Орамал бер, ең болмаса қанымды сүртіп отырайын, -дейді ашуға булығып. Содан бет ауызын жуып кеткен қанды сүртуге мұрша береді.

Шынында да қарақшылар кімге тиісіп жатқандарын білмейді. Өйткені 2005 жылдың 10 мамырында Жайық өзені тулап, өр жақтан сең жүріп, судың тасып жатқаны кезі болатын. Осы мезгілде талай адам жанын шүберекке түйіп, өзеннен өту кәдімгідей әбігер болғанын индерліктер әлі ұмыта қоймаған шығар. Міне осындай бір сәтте жел екпінімен паром жағаға қатты соққанда анасының жанында тұрған бала суға құлап кетеді ғой. Шеше байғұс «Құтқарыңдар!» деп шырылдағанмен қапелімде ешкім шешім қабылдай алмай, сонадайда тұрған КамАЗдың шөпірі осы Талғат қана асау өзенге көзсіз беріп кетеді. Батыл жүзіп, батып бара жатқан баланы ұстап үлгереді. Сол күйі толқын жағаға жеткізбей 800 метрге дейін ығып барып, баланы құтқарып шыққанын сол күні паромда тұрғандар әлі күнге аңыз қылып айтатын.

Сол ерлігі үшін оған Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы берілді. Міне, сол батырың әділетсіз күрестің, қорқақ қанішердің қолында отырып құтылудың түрлі айласын ойластырады. Сөйтсе қарақшының бірі желке тұсында да, екіншісі, тонаумен айналысып жатыр. Енді шай ішетін үстелдің астында әлде қандай заман болған деп жасырып қойған темір тұрба жатқан. Керемет қару. Ойы, бір қозғалса екеуіне әлі келгенмен есікте тұрған үшіншісіне қарғыса да жете алмайды. Егер жанталаста қару қолданса, нақақ кету деген сол. Сондықтан да ақырын күтуден басқа амал жоқ. Жас ұлғайып, 56-ға кеткенде жапан далада жалғыз отырудың ендігі ескертуі осы болар деп өзін-өзі кінәлауда бар. Кенет әлгі қарақшы малшы үйінен ештеңе таппай ашуланып, тамағына пышақ тақайды. -Даладағы адамда қайдағы ақша?

Мен мал бағушымын,-деп бұл болмайды байлаулы күйі. Ұзын сөздің қысқасы, сыртынан кілттеп, қарақшылар ізін суытады. Көп кешікпей бұл да сыртқа шығады. Көлігінің дөңгелегін жарып, фарын сындырып кетіпті. Соған қарамастан сағат 23:00-дің шамасы барын салып, көлігімен қымызханаға әрең жетеді де иесіне айтып, полицияға хабар бергізеді. Содан Индерге алып кетіп, дәрігерге қаратып, тергеу басталады. - Таңғы сағат жетіге дейін ананы-мынаны сұрап ұстады. Ауырып өлуге отырдым. Одан Есболға алып келіп, түскі екіге дейін ұстады. Тамақ ішкенім жоқ. Қылмыс жасаған мен емеспін ғой кетем дедім. Содан үйге алып келді. Сол жерде жаңағы маған тақаған пышақты тауып алды,- дейді Талғат полициялардың осыншама уақыт ұстағанына ашулы күйі. Жалпы оның айтуынша, 10 желтоқсанның шамасында алғашқы мұз қатқан кез, түнгі сағат екілер шамасында Жигулимен екі жігіт келген көрінеді.

-Машинамыз бұзылып келе жатыр, жылынып алайық деп едік,- деп келген олардың беттерінде медициналық маска болған. «АТ» деген таңбасы бар тоғыз бас жылқы жоғалтатындықтарын айтқан. Сол барлаудың ақыры осы болса керек. Бензин, шарқайрақ, ағаш кесетін ара, т.б. заттарын ұрлап кетіпті. Енді олардың әкешеше, ағайын-туыстары келіп кешірім сұрайтын көрінеді. - Кешірім бергенім жоқ. Сол жерде бала-шағам болса, өлтіріп кетулері әбден мүмкін ғой,-дейді бейбіт күннің батыры.

Осы оқиға бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Жанұзақов:

- Жедел іздестірудің нәтижесінде араға бір күн салып, қарақшылар Атырау қаласынан ұсталды. Олар көрші Тайпақ ауылының 1993, 1994 жылғы, Қызылқоға ауданының 1996 жылғы, Атырау қаласының 1991 жылғы тұрғындары болып шықты. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр,- дейді.

Иә, Абай жылы деп адамгершілік туралы толғап жатқанымызда: «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген данышпанның сөзі тағы алдымыздан шығып, айуандығымыз әшкереленіп, әттеген-ай дегізіп отыр. Ал әлгі «жылынып алайық» деп жымысқы әрекеттерін жүзеге асырғандарың ендігі жазасын заң орындары анықтайды.

Ж.АМАНТУРЛИН

Индер ауданы

Есбол ауылы,

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521