"Поздно! Одан айырылып қалдық!"

Жұмыста отырмын. Бірақ бар ойым кешегі науқастардың жағдайы.

Жұмыс аяқталған бойда салып ұрып облыстық ауруханаға жеттім. Күндізгі ауысымдағы 2 еріктінің бірі жеке шаруасымен түнгі ауысымға ауысып кетті дейді. Сол сәт көз алдыма Асхаттың 2-3-ші қатарларда мұрнымен шаншылып жүргені елестеді. Иә, ол сондай ерікті.

Түнгі ауысымның жігіттері мен біз болып оны ауруханадан жалынып шығара алмай жүргеніміз. Қолындағы 32-лік кілтімен әр палатадағы науқастардың баллондарын ауыстырып, таусылғанын сыртқа тасып, кейбір емделушілердің құтысына су құйып, ішіндегі ылғалды ауаның (тікелей баллоннан тыныстаған адамның мұрын іші құрғап, қанауға дейін барады, сол үшін баллондағы кислород шлангамен әуелі құтыдағы суға батырылып, одан буланған ылғалды ауа 2-ші шланга арқылы науқастың мұрнына кигізіледі) жетуін қамтамасыз етіп, шауып жүргені.

"Түйенің танитыны жантақ" дегендей Асхатты танитын түнгі ауысымдағы медбикелердің өзі таңғы 4-5те оның күндізгі ауысымнан соң демалып жатқанын естен шығарып, бір науқастың баллонын ауыстырып бересіз бе деп қоңырау шалып жататынын естідім. "...Қазір әр минуттың өзі ауыр жағдайда жатқандар үшін аса маңызды боп тұр. Өйткені бүгін таңда бір науқастың аяқ астынан дем алуы қиындап, медбикелер еріктілерді іздеп тауып, (науқас жатқан ғимарат еріктілердің бақылауына жатпайды) жүгіріп барған бойда "Поздно. Кетіп қалды уже" деген медбикенің үні әлі құлағымда" дейді аурухана қызметкері.

Расымен қазір қарап отырсам екінің бірі әлеуметтік желілерде қайырымдылық мақсатта ИВЛ аппараттын сатып алуға халықтан көмек сұрап, өз есепшоттарын жарыса жариялап жатыр. Ол хабарландыру біраз күн тұрады. Шотқа неше күн ақша аударылады. Жиналған соң оны сатып алатын жер іздейді. Олармен сөйлесу қажет. Әкелуі бар, жолы бар. Ал бұл жақта үлкен аға-әпкелер екі өкпесі қысылып, бар кислородтың өзіне үлгермей дүниеден өтіп кетіп жатыр. Сондықтан, қазір ең бірінші кезекте сол балондарға кислород құйдыру үшін қаражат немесе демеушілік қажет. Қысылтаяң уақытқа қап қоймауымыз үшін.

Өйткені мұндағы әр науқасқа : "Баллондағы ауа таусылып қалады, резерв те жоқ деп ойламаңыздар. Атырау халқы Сіздермен бірге. Ауасыз қалдырмайды, уайымдамаңыздар" деп жігерлендіреміз. Өмір сүруге деген құлшынысын арттырамыз. Сөйтіп жүргенде еш кәсіпкер мойнына алмай қалып, баллондар уақытылы жеткізілмей қалса олардың бетіне қалай қараймыз. Бүкіл блогерлер жаппай ИВЛ-ге ақша жинап жатыр, әне-міне кеп қалар деп қалай айтамыз. Үй лаулап өртеніп жатқан кезде даладан шелекпен су тасып өшіруді емес, ең бірінші құжаттарын бірге алып шығуды ойлайды.

Міне, біздің де бірінші кезектегі мәселе науқастарды кислородпен кедергісіз қамту. Өйткені 15 шілде термометрдің сынап бағанасы +49 градусқа жетуі ықтимал дейді "Қазгидромет" сайты. Науқастар қалмаса екен баллонсыз, ал онсыз олардың халі өте мүшкіл күйде!

Атыраулық ерікті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521