Нұғманов Айбар Жолдасұлы, 1983 жылы кенттегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті аяқтап, Ресейдің Челябы облысы Миас қаласындағы геологиялық барлау техникумына оқуға түседі. Бірінші курсын аяқтаған кезінде әскер қатарына алынады. Қазақстанның Үшаралында, кейін Ресейдің Краснаяр аймағындағы Канск қаласында әскери әуе күштерінің құрамында Отан алдындағы борышын өтей бастайды. МИ-8, МИ-24 тікұшақтарының түрлі атыс қаруларын жасақтау бағытында әскери даярлықтан өтеді. Тапаншадан бастап гранатометқа дейінгі барлық атыс құралдарына оқ жаудыруға маманданады. Әскери даярлықтан соң соғыс өрті шарпыған Ауғанстан еліне кіреді. Елдің солтүстігіндегі Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Пәкстан мемлекеттерінің шекаралары тоғысқан Бахарак провинциясында әуе күштері құрамына енеді.
- Біздің кезімізде Ауғанстандағы ушыққан жағдай туралы өте сирек айталатын. Сондықтан да болар бейбіт өмірден жат жердің қадамын басқанда оттың ортасына түскендей күй кештік. Біздің бөлімге артылған міндет - автокеруен қауіпсіздігін жоғарыдан бақылау болатын. Автокеруен жүрер алдында жол бойындағы тау бастарына тікұшақпен әкеліп орналастырылады. Бірнеше тікұшақ бір-бірінің қауіпсіздігіне демеу бола ұшып, аймақтағы тау бастарындағы биік нүктелерге десант түсіреді. Команда берілісімен-ақ секіре түсіп, өз позициямызға орналаса бастаймыз. Автокеруен көші өткенше тау басынан аймақты қырағы бақылауға аламыз.
Осындай кезекті операция үстінде төменде орналасқан қышлақтан бірнеше қайтара оқ атылды. Маңымызға орналасқан ауғандық жасақшылардан құралған – сарандойлар қышлаққа барудан бас тартты. Ал біздің командиріміз болса, өз бетінше батыл шешім алып, ерік білдірген 18 жауынгермен бірге қышлаққа қарай беттедік. Тобымыздың өзі бірнеше топқа бөлшектеніп бағдарлап келеміз. Қышлаққа жақындағанда күнде кешқұрым болатын. Жақындай бергеніміз сол еді, қышлақтың әр тұсынан бізді нысанаға алып оқ атыла бастады. Алға жылжамақ түгілі бас көтертер емес. Ажал оғының ызыңдаған дыбыстары жартастарға тиіп жаңғыруда. Бізде қарымта оқ жаудыра бастадық. Қараңғы тіптен қоюланып кетті. Осы сәтте көк желкемізден де біздің бағытқа қарай оқ атыла бастады. Екі оттың ортасында қалдық. Қалай қоршауға түстік түсініксіз. Командиріміз «кто русские, отходим» деп дыбыстап, шегінетін бағытымызды нұсқады. Менің жанымда төрт жауынгер болып бекініп отыр едік. Арамызда коми, татар, орыс және мен қазақпын. Жас жігітпіз қызық көрінеді ғой. Үшеуміз орыс жауынгерге бізді емес, сені шақырып жатыр, барсайшы деп, қысылтаяң шақта да әзілдеп қоямыз. Содан бір-бірімізді қадағалап көлденең бағытқа ығысып кеттік. Абырой болғанда төрт көзіміз түгел, ешқандай өлім - жітім болған жоқ. Кейін білгеніміздей, біздің артымыздан оқ атқан жоғарыда нүктеде қалған сарандойлар болып шықты. Атыс күшейгесін олар бізге көмекке келген беті екен. Алайда қараңғыда бір-бірімізді жазым ете жаздаппыз. Тау басындағы нүктеде күзет кездерінде күндіз тыныш болғанымен, түнде оқтын – оқтын оқ атылатын кездері болады. Бірінде тіұшақтан секіріп, тау басында орналасып жатқан мезгіліміз. Менімен бірге түскен жауынгер арқасын ұстап мазаланды да қалды. Бірақ жүгіре жөнеліп өз позициясына орналаса берді. Кейін санчаске барғанымызда оның сол кезде жауырынына оқтың жарқыншағы қадалыпты. Қайдағы қаңғып келген оқ деп аң – таң болып қалдық. Күзет тыныш көрінгенімен оның бейнеті де жетіп артылатын. Тау басына тікұшақпен әкеліп тастағанмен, сол қалпымен кері әкете алмайды. Себебі, тау бастарында ауада оттегі құрамы аз болғандықтан адамды тез ентіктіреді. Тікұшақ қонса ауыр жүгімен қайта ұша алмай қалады. Сондықтан да төмен қарай бүкіл керек-жарағымызды арқалап жаяу түсуге мәжбүр боламыз. Бірінде осындай тау басындағы нүктеде бізге айтылған бағытқа төмен түстік. Белгіленген жерге жеткенде одан әрі төменге түсу мүмкін емес екен. Мәлемет қате беріліпті. Амал жоқ, кері оралып, басқа асудан түсу қажет болды. Қазір айтуға оңай болғанымен бұл бізге өте ауыр соқты. Тауды жағалап келеміз. Азық-түлігіміз болса түгесіліп, суымыз да сарқылып қалған болатын. Әрі шыжыған аптап ыстыққа шыдау да оңай емес. Ал төменде сарқырап тау өзені ағып жатыр. Бірақ көріп келе жатып, одан су алып ішу мүмкін емес. Рация арқылы біздің жайымызға қаныққан бөлімшеден тікұшақ ұшып келіп, төбемізден азық-түлік тастады. Жартасқа жармасып жүрген біз бірен – сараны ғана қолымызға іліксе, көбі көзімізше төменге қарай құлдилады. Үш күн дегенде тау асуын артқа қалдырып, қышлақ маңындағы егінді көргенде піскен – шикісіне қарамай жеп жармасып жатырмыз. Ал сол маңда бізді іздеп БТР -лар күтіп тұр екен.
Соғыс жайлаған Ауған еліндегі қышлақтарда халық өте кедей тұратын. Әсіресе, ауғандық балалардың жайы өте аянышты. Извян атты қышлақ біздің бөлімшеге таяу орналасқан еді. Ондағы фельшерімізге жарақаттарын таңуға балалар келеді. Әр нәрсеге қызыққыш балалар миналарға көп ұшырайды. Әрі тау арасында әдейі жарылғыш орнатылған түрлі жылтырақ заттар көп кездеседі. Қызық көріп ұстай алатын балалардың көбі мүгедек болып қалған. Бірінде бой жетіп қалған қыз қолынан жарақат алыпты. Саусақтары сүйегінен ажырап, етке ғана ілініп тұр. Алайда еш ауырсынып, жылағанын байқамайсың. Осындай қасіретке үйренгендей. Үн - түнсіз көз жанарын төмен салып қана ілмейіп тұр. Қолы мен аяғын жұлып кеткен балаларды көргенде осындай қасірет әкелген соғыстың беті әрмен дерсің. Сондықтан да бүгінгі Тәуелсіз еліміздегі бейбіт өміріміздің қадіріне жете білгеніміз жөн, - дейді кешегі жауынгер.
Айбар Жолдасұлы бүгінде «ИСИГипсИндер» ЖШС де еңбек етеді, өнегелі отбасы иесі.