Өткен жылы ауданда 22 мал бруцеллез ауруына шалдыққан

сурет ашық дереккөзден алынды

Аудан бойынша 2012-2022 жылдар аралығында жедел бруцеллезбен 106 жағдайы тіркелді. Әсіресе, бруцеллез ауруы Есбол, Бөдене ауылы тұрғындары арасында жиі кездесті. Осы науқастың 90 пайызы ауруды ұсақ малдан жұқтырған.

Аудандық ветеринарлық станция дерегі бойынша 2022 жылы жоспар бойынша, 125148 бас қой-ешкі малы бруцеллезге тексеріліп, соның ішінде 22-інен аталған ауру оң нәтиже берген, яғни 12 ошақтан 22 мал бруцеллез ауруына шалдыққан. Бруцеллезге оң нәтиже берген малдар Өрлік, Есбол, Елтай ауылдық округтерінде тіркелген. Бұл статистика індеттің қой-ешкілер арасында кең таралып отырғанын көрсетеді.

Қазіргі күні ауданда малдың көп бөлігі жеке иелікте, сондықтан мал иелері жыл сайын малдардын ветеринарлық қызметпен бірге бруцеллезден сауықтырып отыруы қажет (жыл сайын малдарды тексеруден өткізу,екпе салу, ауру малды сою ережелерін сақтау, зарарсыздандыру, мал қораларын тазалау т.б профилактикалық жұмыстар), сонымен қатар жанұя мүшелерін, әсіресе, балаларды, жүкті және бала емізетін әйелдерді ауру жұқтырудан қорғау шараларын мұқият сақтауы қажет. Уақтылы ем қабылдамаған жағдайда, бруцеллез ауруы созылмалы сатыға өтіп, кейде тіпті адамдарды мүгедектікке, белсіздікке, жүкті әйелдер үшін түсік тастауға әкелуі мүмкін. Бруцеллез ауруы адамға малдан жұғады. Қалай жұғады деген сұраққа жауап бермес бұрын бруцеллезбен ауырған малды қалай білуге болады, оның белгілері бар ма, бар болса, қандай деген сұраққа жауап беріп көрейік. Бруцеллез ауруы малдың әр түлігінде түрліше білінуі мүмкін. Сиырда бруцеллез ауруының белгілері көбінесе байқалмай, елеусіз өтуі ғажап емес. Мұндай жағдайда малдың ауырған-ауырмағанын тек ветеринариялық зертхана әдістерімен ғана білуге болады. Ал кей жағдайда аурудың аздап болса да сезілуі ықтимал. Ондай сиырдың буындары ісініп, аздап ақсаңқырайды. Сиырдың желіні, еркек малдың жыныс безі ісе бастайды. Бруцеллездің ең ауыр асқынған және қауіпті кезеңі 5-7 айлық буаз сиыр іш тастайды. Соның салдарынан ол сиыр жыл сайын қысыр қалатын болады. Қой мен ешкіде де бруцеллез көбінесе байқалмай, белгі бер[1]мей жүре беруі мүмкін. Ауру деп сезіктенген малды үнемі бақылап отырғанда ғана оның ауырғанын білуге болады. Қой мен ешкідегі бруцеллез ауруының белгісі көбінесе іш тастаудан, өлі төл туудан көрінеді.

Бруцеллез микробтары ауру малдың зәрі, жыны мен қиы арқылы шығуынан мал жайылымдары мен cуаттар, ондағы шөп, топырақ, су, қысқасы, сол аймақтың бәрі де түгел ластануы мүмкін. Кейде тіпті құдық суының өзін қайнатпай ішу өте қауіпті, себебі ауру малдың зәрі арқылы ластанған топырақ, шаң-тозаңның құдыққа түсуі ғажап емес. Ауру малдың терісі, жүні, түбіті арқылы да бруцелланың жұғуы әбден ықтимал. Сондай-ақ ауру сиырдың, ешкі мен қойдың сүтінде де микробтар өте көп болады.

Қоздырғыштар шикі сүттен жасалған тағамдарда: брынза, кілегей, қаймақ, қымыз, май, шұбат, ірімшік, ет, т.б. көп ұялайды.

Бруцеллезбен ауырған биені сауу қауіпті және ондай биелердің сүтінен қымыз дайындауға үзілді-кесілді тыйым салынуы керек.

Сиыр бруцеллезімен адам сирек ауырады. Егер қой, ешкі малының бруцеллезі адамға жұқса, бұл өте қатерлі, адамның ұрпақ әкелмеуіне әкеп соғады.

Бруцеллалар адамның организміне тері арқылы, әсіресе, дененің терісі сыдырылған, жарылған жерлері арқылы тез жұғады. Көптеген зерттеушілер тіпті олардың жарақаттанбаған сау теріден өтіп барып жұғатындығын да анықтап берді.

Қолды жумай тамақ ішу, тіпті ауру мал қорасының ішінде темекі тартудың өзі де қауіпті. Бруцеллезді шаң-топырақ арқылы да жұқтырып алуға болады. Қолға қолғап кимей ауру қойды қырыққанда, сондай-ақ жүн түткенде, тері өңдегенде де жұғады. Ауру мал қораларында немесе оның маңында жалаң аяқ жүруге болмайды. Ауру малдан туған қозы-лақпен ойнаған балалардың да ауыруы мүмкін. Адамға бруцеллездің жұғу қаупін тудыратын, негізінен, ауру малдар, олардан алынатын азық-түліктер, шикізат өнімдері. Ауру малдың етін бұзғанда да бруцеллез ауруын жұқтырып алуға болады. Қоздырғыштар ауру малдың бауырында, көк бауырында, желінінде, сүйек майында көп кездеседі. Сондықтан бұл жағдайларды үнемі есте сақтап, тиісті сақтану шараларын қолданып отыру қажет.

Бруцеллез адамға тек ауру малдан жұғатындықтан, аудан аумағындағы ауылшаруашылық малдардың бруцеллезінің эпизоотологиялық жағдайының қолайсыздығы адамдардың бруцеллезбен аурушаңдығының негізгі себебі болып отыр.

Қарапайым сақтық ережелерін, ветеринарлық алдын алу шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және туыстарыңызды бруцеллезды жұқтырудан қорғай аласыз.

А.ШАХАЕВА,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521