Өнікті еңбек көрсеткіші

Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде айрықша атап өтті.

"Мемлекет бизнестің барлық түрін дамытуға жол ашып отыр. Аса ірі жобалар да, шағын кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды. Әрбір азамат өзінің қарым-қабілетіне және адал еңбегіне сай табыс табуға тиіс. Сондықтан біз бастамашыл әрі іскер азаматтарға әрдайым қолдау көрсетеміз", - деді  Мемлекет басшысы. 

 

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Расында да, Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында жастардың еңбекке деген құлшынысын арттыру тапсырмасы  жүктелгені белгілі. Ол үшін 2,5 пайызбен несие беру арқылы олардың арасында кәсіпкерлікке кеңінен жол ашу міндеттелді. Осы тапсырма аясында республикалық «AMANAT» партиясы ел Үкіметімен бірлесе отырып «Ауыл аманаты» жобасын қабылдаған болатын. Бұл жобаның игілігін индерліктер де көріп отырған жайы бар. Партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дәурен Сағынғалиевтың айтуынша, күні бүгінге ауданда 35 жоба лайықты деп танылып, ол үшін қазынадан 244,2 млн.теңге берілген екен.

Олардың арасында Индербор кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Сүндет Шапенов те бар. Ол үстіміздегі жылы бағдарламаның көмегімен «Газель» автокөлігін алып, қазіргі таңда жүк тасымалдаумен айналысып жүр.

Өз күніңді өзің көр деу айтуға ғана оңай. Десек те, Мемлекет басшысының айрықша қамқорлығының арқасында көптеген жастарымыз жеңілдетілген пайызбен несие алып, өз кәсіптерін бастап жатыр. Мен де осы партияның бағдарламасы бойынша құжаттарымды тапсырған болатынмын. Қуанышыма орай, жобам қолдау тауып, жаңадан автокөлік сатып алып, Атырау, Орал қалаларынан жерлестерімнің сұранысына қарай жүк тасымалдаумен айналысып жүрмін.  «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, жерлестерімнің сұранысына жарап жатсам, ғанибет емес пе!-дейді жас кәсіпкер.

Осылайша ауданда партияның игілігін көріп, жұмыс орнын құрып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер, оның ішінде жастардың көптігі көңіл қуантады.

 

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Жақында елордада республикалық «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының жылдық жұмысы қорытындыланған арнайы жиын болып өтті. Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева жобаға қатысушылардың әлеуметтік бейнесіне тоқталды. Олардың арасында көпбалалы аналардың саны басым болып отырған көрінеді.

«Қатысушылардың орташа жасы 43-те. Олардың 65%-да несие бар. Қарызын төлеу мерзімі 90 күннен де асып кеткендердің үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының жиынтық отбасылық табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сондай-ақ, кеңес алушылардың үштен бірінің екіден де көп несиесі бар. Қатысушылардың арасында өздерінің зейнетақысымен балаларының несиесін төлеуге мәжбүр болған қариялар да кездесті. Осы санаттағы адамдар үшін біздің сарапшылар жеке тұлғалардың банкроттық рәсіміне қажетті құжаттарды жинап, дайындауға көмектесіп жатыр. Біз бұл адамдарға қаржылық қиындықтардан арылуға және қарызсыз жаңа өмір бастауға көмектесуге тырысамыз», - деді ол.

Айта кетейік, осы жоба аясында Индер ауданында жыл басынан бері кент және әр ауылдық округтен барлығы 523 адам жобаға қатысып, өз қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы курстан өткен болатын.

Партияның аудандық филиалының жетекшісі Дәурен Сағынғалиевтың айтуынша, аталған жобаның келер жылы да өз жалғасын табуы мүмкін.

 

Ауылда КӘСІПКЕРЛІК ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

Ауылдық округтерде кәсіпкер болуға ынта танытып отырғандардың саны артып келеді. Айталық, Өрлік ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Анар Өтепованың айтуынша, аталған ауылда 104 кәсіпкер тіркелген. Олардың ішінде 30 жеке тұлға ауыл шаруашылығы саласы бойынша өз істерін дөңгелетіп отырса, екі тойхана, бір наубайхана, 21 азық-түлік дүкені халыққа қызмет көрсетуде екен.

Сондай-ақ жаңадан газ құю бекеті салынып, рұқсатнама алу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі жас 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, ауыл шаруашылығы бағыты бойынша жаңадан кәсіп бастауға ынталылық танытып отырған көрінеді.

Осылайша, ауыл кәсіпкерлері мемлекет тарапынан қамқорлық көріп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып отыр.

 

С.Ерсайынұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT