Көпке сыйлы жан еді...

  Халқымызда «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деген даналық сөз бар. Осы ұғымның астарында үлкен мағыналы ой жатқаны Орынба сар ағайды білетін және оның еңбегін бағалайтын әрбір жан үшін ұғынықты болса керек. Ендеше, әр саналы ұрпақтың өмірінің мәні – әкенің бер ген тәрбиесімен және оның дана жолымен жүру десек, бүгінгі таңда менің қолыма қалам алғызған осы бір ой толғауым саналы өмірін жастарды оқытып, тәрбиелеу жолына арнаған оны танып, құрметтейтін көпке, ауылдастарыма ардақты ұстаз, ұрпағы үшін аяулы әке, біздер үшін мейірімді, жанашыр туысқан болған Орынбасар Әжіғалиевке арналады.

  Әжіғалиев Орынбасар 1929 жылдың 25 қазанында Есбол ауданы (қазіргі Индер ауда ны) Қаңбақты елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Уәлиев Әжіғали 1942 жылы 39 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, елі мен жері үшін болған қан майданнан оралмай, хабар-ошарсыз кеткендердің тізімінде, «Боздақтар» кітабына енгізілген. Ал анасы Балым көп жылдар бойы соғыс салған жараны ұрпағына сездірмей, жарының өзі мен көзі санаған ұрпағын ер жеткізу мақсатында жан аямай еңбек еткен. Буыны қатып, оң-солын тани бастаған Әжіғалидің балалық шағы соғыстан кейінгі ел тұрмысының ауыр кезімен тұспа-тұс келіп, анасына көмекші бола жүріп, орта мектепті 1946 жылы үздік бағамен аяқтап, өзінің ізінен ерген інісін оқытып, жағдайын жасау үшін еңбекке ерте араласқан. Сол қиын кезде Өрлік жетіжылдық мектебінде физика-математика пәнінен дәріс берген. Кейін екі жылдық мұғалімдер даярлайтын институтты бітірген. 1949-1952 жыл дары Совет Армиясы қатарында Отан алдындағы борышын  Түркмения Республикасының Чарджоу қаласында жауынгерлік сапта тұрып абыроймен атқарған. Армиядан келген соң Жамбыл жетіжылдық мектебінде мұғалімдік қызметін 1959 жылға дейін жалғастырған. Бар білімі мен білігін ұстаздық қызметке арнай жүріп, сол кездегі Гурьев мемлекеттік педагогика институтын тәмамдаған. Бар білгенін кейінгі буын – жастарды тәрбиелеу ісіне арнаған оны еңбек еткен ұжымы үздік ұйымдастырушы маман ретінде тани алып, 1959-1964 жылдары аудан орталығындағы іргелі білім ордасы атанған С.Сейфуллин атындағы мектепке директор лауазымына тағайындайды. Кейін осы мектепте мұғалім бола жүріп, 1964-1966 жылдары М.Әуезов  мектебінде де оқытушылық қызмет те атқарған.1966-1968 жылдары Горы (Аққала) сегізжылдық мектебіне директор лауазымына тағайындалып, 1989 жылы зейнетке шықса да, 1993 жылға дейін математика пәнінен сабақ берген. Орынбасар ағайдың басқалардан дараланып тұратын қасиеті – еңбекқорлығы, қарапайымдылығы және ағайын арасында ешкімді бөліп- жармайтын адамгершілігінде болатын. Мен есімді біліп, оңсолымды тани бастап, үйдің үлкендерімен бірге араласып, үйіне барғандағы көргенім – өзі қалаған мамандығының нағыз иесі болғандығы, яғни қағаздан бас көтермей, математика пәнінен қиын есептердің шығару жолдарын қойын дәптеріне ерінбей жазып отырған кейпі көз алдымда мәңгі жазылып қалды. Ағайдың ұстаздық еңбегі көзі тірісінде лайықты бағаланып, ұзақ жылдар оқу-ағарту саласындағы еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

  Орынбасар ағай жолдасы Бибіш Сүгірғалиқызымен 1958 жылы отау құрып, отба - сында 3 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, барлығының жоғары білім алуына жағдай жасап, салиқалы ұрпақ етіп, еліне адал қызмет етулеріне, балаларының өз алдына бір-бір отау болуларына жол көрсетіп, шаңырағының бүгінде жапырағы жайылған үлкен әулетке айналуына себепкер болған жан - дар. «Адам ұрпағымен мың жасайды», – дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес, миллиондаған жылдар жасайды. Аяулы әкенің бар арманы мен мақсаты халыққа қалтқысыз қызмет етумен қатар, өзінің көзі болып табылатын ұрпағын жеткізу болатын. Әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу – баланы тек жақсы болашаққа ғана әкелетінін бүгінде ұрпақтары және олардан тараған немерелері ұғынып, өз бақыттарын

еңбектен тауып отырған жандар. Олар досқа сыйлы, елге құрметті болған аяулы әкенің атына кір келтірмей өздері қалаған маман иелері атанып, өмірдің әр саласында елге абыройлы қызмет етуде. «Атымды адам деп қойған соң, қайтіп надан болайын?» деп Абай атамыз айтқандай, осындай көпке сыйлы, білімді, бақытын еңбектен тапқан, айналасына дүниеден гөрі дос жинаған өр тұлғалы азаматтан туған ұрпағының жаман болуға еш хақы жоқ. «Адамның бақыты – білімде» деп ылғи айтып отыратын әке сөзін жадынан ешқашан шығармаған ұрпақ үшін дүниенің бақыты мен ләззаты, қуанышы мен шаттығы тек ата-ананы құрметтеу арқылы ғана баянды болмақ. Демек, әке рухын қастерлеп, оның сол кездегі арманын орындау – әрбір перзенттің, яғни «Әке көрген оқ жонатын» ұрпақтың парызы деп білемін.

Р.ҚОРҒАНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521