КЕЛІНДЕРДІҢ КӨШЕ ТҰРҒЫНДАРЫНА ТАРТУЫ

Көрісу күнімен басталатын Наурыз мейрамы аудан көлемінде айтулы шаралармен аталып өтуде. Соның бірі Елтай ауылында С.Датов көшесі келіндерінің ұйымдастыруымен өткен «Кел, көрші, көрісейік!» атты шара елді елең еткізді.

Тұрғындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бір-біріне деген ақ тілектерін жеткізіп, көрісу мейрамының ауқымын кеңейту мақсатында өткен шарада табиғат аясында арнайы дастархан жайылып, қазақтың бауырсағы мен ұлттық тағамдары, наурыз көже қойылып, көрші-көлемге ұсынылды. Наурыз көжені Зәуре Тастанова ошаққа сүрленген қазының еті, құрт, күріш, кішіміш, сары өрік, сүт, қатықты араластырып пісірген екен.

– Қазіргі уақытта көршілер барлығы да жұмыста, кешке мал-жанға қарап бір-біріне үлгере алмай жататындықтан, көшеміздің келіндері болып осындай шараны ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Барлығымыз бірауыздан бірбірімізді қолдап, көршілерімізді көрісу шарасына шақырып, ұлттық нақыштағы киімдерімізді киіп келуді айтқан болатынбыз. Мереке күнгі жиынымыз біз ойлағаннан да керемет етті. Үлкендеріміз келіндерге батасын беріп, алғыстарын айтып жатыр, - деді жас келін Алтынай Тұрғалиқызы сөзге тарқанымызда.

Осылайша нұр жауған күні көрші-көлем, ағайын-туыс бір-бірімен арқажарқа болып төс қағыстырып көрісіп, «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Жасқа шығуларыңызбен!» деген тілектерін білдірсе, еңбек ардагері Сүйінғали Сыдиқов домбырамен ән тарту етті.

Ал, ауыл үлкендері Аққенже Ерекешова, Бауыржан Ғабдысаматов, Жауынбай Махметов, Самат Әбенов, Шолпан Құсайынова, Аман Жәмиев, Марат Кулбараков, Баршагүл Хамитова, Римма Долданова, Тамара Сансызбаева тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлап, өнегелі әрі даралылығымен танылып жүрген келіндеріміздің қатары көбейсін, еліміз, жұртымыз аман болсын деген лебіздерін жеткізіп, алғыстарын білдірді.

Жадыра Нариманқызы

Елтай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521