Келешек қамы сөз болды

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Д.Шамұратов аудандық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесті. Алдымен аудан басшысы бұл кездесудің негізгі мақсаты халық өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алда атқарылар іс жөнінде ой бөлісу екендігін айта келе, аймақтың ахуалы жөнінде сөз қозғады.
Еркін жүздесуде қоғамдық кеңес мүшесі, ардагер эколог Марат Мұқанов тұз көліне алаңдаушылық білдіріп, оны қорғаудың маңыздылығын, қоқыс алаңдарының адам көргісіз жағдайға жеткенін көтерсе, депутат Анар Доспаева жұмыссыздық мәселесін шешу күн тәртібінен түспей келе жатқанын, өндірісті кәсіпорын «ИСИГипсИндер» ЖШС ауаға зиянды зат қалдықтарын шығаратынын, олай болдырмас үшін арнайы қондырғы орналастыруды қарастыруды, көлік жуу орындарындағы лас су канализацияға кетіп жатқанын, оған жетпес бұрын улы химикаттардан тазарту жайын, көгалдандыру жұмыстарын жандандыруды және жасына жетпей жүктілік белең алып бара жатқанын, сондықтан да ұрпақ тәрбиесіне баса көңіл бөлуді назарға салды. Есболдан келген кеңес мүшесі Қайырғали Жұмақұлов  ауылдан жаңа мектеп салынған соң бұрынғы екі мектептегі қызметкерлер жұмыссыз қалмай ма деген ойымен қатар, сумен қамту жүйесі Тұрар Еспусиновтың иелігінен алынып, орталықтағы «Индер су» мекемесіне берілуі қаншалық оңтайлы екенін айтты. Сонымен қатар кеңес мүшесі Шапхат Қомашев Аққала ауылына балабақша, Елтайға мәдениет үйі салынуы қажет десе, Нариман Нұрашев Оңалту орталығын жөндеу жайы тым баяулап кеткенін, сапасы да көңілге қонбайтынын қаперге берді.
Ал аудандық мәслихат депутаты Жанай Амантурлин көптеген мәселенің қисынсыз болуы бұл дүниенің бекер екендігін мойындаудан алшақтап, «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегеннің кері келіп тұрғандай көрінетінін, халықты жұмыспен қамту үшін әр ауылдан жылыжай, құс фабрикасы сынды өзге де кешендер салып, сенімді басқару арқылы субсидиялап ұстап тұру жағын ойластыруды, сөйте-сөйте тұрғындарды еңбекке баулып, өздері көзбен көргенін енді өзі жасап, еңбек мәдениеті қалыптасатынын, ең көп салық төлеушіні және қыр төсіндегі малшылардың еңбегін үлгі ретінде бағалап насихаттау, өзге де біраз мәселелерге қатысты ойымен бөлісті.
Кездесуді Д.Шамұратов қорытындылап, көтерілген ұсыныс-пікірлерге орай жауап беріп, әрқашан да атқарылар жұмыс жөнінде кеңесіп, бірлесіп іс қылуға дайын екендігін білдіре келе, баршаға келелі ойлары үшін ризашылығын білдіріп, кездесуді қорытындылады.


Өз тілшіміз           

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521