Қамданайық, ағайын!

Бүгінде су тасқынының алдын алу мақсатында бөгеттерді шұғыл қалпына келтіру жұмыстары қолға алынуда. Аудан басшысы бастап жүрген бұл сақтық шараларына барлық жауапты мамандар, ауыл тұрғындары да белсенді түрде атсалысуда. 
Жалпы Индер аудан бойынша барлығы 7 ауылдық округте ұзындығы 18 950 метр қорғаныс бөгеті бар. Негізінен қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді. Ондағы бөгеттің ұзындығы 10 500 адымдай. Аудан әкімі Дарын Шамұратов осы қауіпті аймақтағы елді мекендердегі бөгеттерді көтеру, жаға нығайту, құм толы қапшықтармен бекіту жұмыстарын мамандармен біріге пысықтап, іске кірісті. Қазіргі таңда Жарсуат ауылының 4.6 км бөгеттің 1.1 км-і арнайы техникалар арқылы жөнделсе, ал Құрылыс ауылында кезінде ағынды судың әсерінен пайда болған үлкен жыраны бітеген. Сонымен қатар аудан басшысы ауыл үлкендері және тиісті сала мамандарымен біріге аталған ауылға қарасты 5,6 км болатын дамбаның бойын аралап, қауіп төніп тұрған тұстарын анықтады.
Мұндай сақтық жұмыстары Көктоғай, Өрлік, Есбол ауылдарында да қарқынды жүріп жатыр. Тұтастай алғанда аудан бойынша су тасқынының алдын алу жұмыстарына 17 арнайы техника, 190-нан астам ерікті азаматтар жұмылдырылып отыр. Осы ерікті азаматтар күшімен 105 тонна топырақ қапталып, өзеннен жарып шығар қауіпті аймақтарға төселді.
Қайткенде де, қапы қалмас үшін әр тұрғын қамданып, балаларға да мұқият болу керек. Сонымен қатар, сең жүруіне байланысты ауыз су беруде кедергі болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құдыққа, т.с.с. ыдыстарға су жинап алу жағын да қаперде ұстаған жөн. 

Ж.ІСІМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT