КӨҢІЛІ ШУАҚ, ЖЫРЫ ҚУАТ ЕДІ...

ОЙ, ЖАЛҒАН-АЙ! ОСЫНАУ АЗ-АҚ ҒҰМЫРЫНДА БАРША ЖЕРЛЕСТЕРІНІҢ ЖҮРЕГІНЕ ӘР УАҚЫТТА ДА ЖЫЛУЛЫҚ ПЕН ЖЫРАУЛЫҚТЫҢ НҰРЫН СЕБУГЕ ҰМТЫЛҒАН САНСЫЗБАЙ БАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ӨТКЕН ШАҚПЕН СӨЙЛЕП, МҰҢДАНА СЫР АҒЫТАМЫЗ ДЕП КІМ ОЙЛАҒАН.

Кәрі құда қыспен қоштасып, кешігіп жеткен көктемнің алғашқы шуағымен қуана қауышып жатқан барша дала жұрты да бұл хабарды естігенде еріксіз тосылып, көңілдері ортайып қалады-ау, қайтейін, бар ғұмырын Дендеріне арнаған сол бір асыл жан туралы қинала отырып, бар жайды осылайша баяндауға тура келіп отыр, әлеумет. Бір шүкір етеріміз, асыл аға қасиетті Рамазан айының алғашқы күні, сегіз жыл бойына ауыр дертіне шипа болуға қарлығаштай жанұшырған жан-жары мен соңында қалған қаумалаған ұрпағы, ағайындос, әріптестер алдында бақилық сапарға аттанды. Ақын жаны қартаймайды, нұр шуақ, Олар үшін сезім жалын, жыр -қуат. Шын таланттар он екі айлы жыл емес, Ғасырлардың биігінде туады,-деп ақын ағамыздың өзі Әнұран авторы Жұмекен Нәжімеденовке арнауында жырлағанындай, оның өлеңдерімен әлі де сан қауышып, естеліктер теңізі болашақта толас таппасына сенімдіміз.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, осы одақтың Б.Қаратаев атындағы сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның Құрметті журналисі", «Индер ауданының Құрметті азаматы», "Тәуелсіздіктің-30 жылдығы" медалінің иегері, талантты ақын Сансызбай Базарбайұлы 1946 жылы 6 қаңтарда қазіргі Жарсуат округіндегі Құрылыс ауылынан 45 шақырымдағы «Қылыш» қыстағының түбінде, ұзын сайдың іргесінде шырылдап дүние есігін ашқан екен. Әкесі Базарбай туралы ақын: Жан әкем бақты жылқы, қой да сиыр, Байқасам өтті кезең қиыр-шиыр. "Құрмас", "Мәтеш", "Құдабай" қыстағымыз, Маңында жайылатын толған үйір,- деп Мұрат бабасынша талай ақтарыла жырлап, жерлестерінің мәртебесін асырған сәттері де жадымызда сайрап тұр.

Сол Сәкең 1953 жылы жалаңаяқ, шүберек сөмкемен Құрылыстағы бастауыш мектепке барып, сонан соң Қарабау, Жарсуат, қазіргі Есболда он бірінші сыныпқа дейін үй көрместен интернатта жатып бітіріп, орта білім алып шығады. Он бір жылдықты бітірер тұстағы емтиханда шығарманы өлеңмен өріп, комиссия мүшелерін тамсандырып, айды аспаннан бір-ақ шығарғанын да ұстазы марқұм Кенжеғали Қайып ағамыз талай тамсана әңгімелеген еді. Ал мұндай талапты шәкірттің орны, әрине, сол кездегі бірден бір әдеби орта газет редакциясы екендігін айтпаса да болатындай. Сөйтіп, талапты жас мектепті бітіре сала Махамбеттен ажырап қайтадан құрылып жатқан «Индер» газетіне корректор болып еңбек жолын бастайды. Редактор Уәжит Машанов бастаған кәнігі журналистер Мақажан Қабиев, Өтеміс Қонашев, Кеңес Сахи, Зейнеден Қабдешев, Есболай Нығыметов, Бақыт Қоянақова, тағы басқаларымен толыққан жаңа орта оны қуана қарсы алып, басы бүтін ақпарат майданының қатардағы жауынгері болып шыға келеді.

Корректор болып басталған жолы оны адастырмапты, редакциядағы әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары сияқты сан белес-сатылардан еркін өтіп, арада Алматыдағы Жоғарғы партия мектебін тәмамдаған соң бас редакторға дейін көтерілді. Шәкірт болып келіп, ізбасарларына тәлімтәжірибесін дарытар ұстазға айналды. Өзі жұмыстас болған Уәжит Машановтан бастап, Төлеубай Ысқақов, Мүтәлі Шәріпов, Ізтелеу Көпбаев және Ерсайын Көшековтарден үйренген тәжірибесін ерінбей-жалықпай кейінгі ұрпақтың бойына сіңірді. Сондықтан да бүгінгі республика, облыс, аудан көлемінде дендерлік журналистер болып танылған қаламгерлер арасында Сансызбай Базарбаевты білмейтіндері, сыйласпайтындары кемде кем.

Оны ақырғы сапарға шығарып салғанда Қазақстан Журналистері одағының өкілдері, Құрметті журналистер, танымал қаламгерлер Қуандық Батыров, Исатай Балмағамбетов, Төлеген Жаңабаев, Өтепберген Әлімгереев, Төлеген Берішбай, Кеңес Сахи, тағы басқаларының және алысжақыннан жолдап жатқан тілектері соны таныта түседі. Туған жер перзентінің зар заман ақыны танылған бабасы Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығы мен асқақ бейнесін Тәуелсіздіктің таңсәрінде-ақ туған халқына қайтарудағы адал да патриоттық еңбегін бүгінгі қайғылы сәттегі ғалым інісі Бауыржан Омаровтың көңіл айтуынан әсерлене оқып, ерекше толқыған жайымыз бар.

Баспасөзге саналы ғұмырының 50 жылын арнаған ол зейнеткерлікке шыққан соң да ауыр дертпен арпалыса жүріп қалам-қағазынан ажырамай қаншама таңды көз ілмей аттырды дейсіз. Соқ жүрегім, соға бер тыныш қалма, Күш түспейтін өзіңе жұмыс бар ма?! Күндіз түгілі түнде де түс көрген соң, Саған уақыт аз шығар тыныстауға,- деп түн ұйқысын төрт бөліп, жүрекке де тыным таптырмайтын дегдар ақын бейнесін көз алдымызға жайып салады. Сөйткен мазасыз қаламгер, ақ жүрек ақынның еңбегі жасы егде тартқанда ғана еленіп, Тәуелсіздік медалі болып кеудесіне тағылғанында еріксіз қуанып, кейде кеш қалдық па деп налыдық та.

Өйткені, қоғамның білдей белсенді мүшесі, кәдімгі төртінші билік, ақпарат майданының жауынгері жалақысы өзге мамандық иелерін айтасыз, зейнеткерлерден де төмендігін еске алғанның еш айыбы жоқ сияқты мұндайда. Мұның да ақын жүрегіне салған ауыртпалықтарын сезіндік, әлі де көре беретініміз де анық. Өйткені, ақын өлеңі мен кітабына ақы төлеу жайы енді-енді ғана қоғамда сөз бола бастауда. Ал оның алыстағы ауылға заң болып бекіп, күшіне еніп қолдана бастағанша айлар емес-ау, қаншама жылдар өтетіні бір Аллаға аян.

Ал басқасын айтпағанда Алматыда тұратын дүлдүл ақындардан бірғайым бөтендігі жоқ ауыл қаламгері Сансызбай Базарбаевтың Кеңес Одағы Батыры Боран Нысанбаевқа арнаған поэмасы неге тұрады. Бүгінгі өтетін түрлі шараларда үнемі оқылатын бұл туындымен болашақ оқырманы да әлі сан қауышары сөзсіз. "Ақынға сөзден гөрі, өлең жақын" демекші, ондай туындыларын енді шаң басқан архивтерден таба алсақ жақсы. Осы жылдар ішінде, қаламы жүйрек журналист «Әлдекімге жұбанып», «Бұқардағы бұққандар», «Тып-типыл», Қ.Дүйсембиевпен бірігіп «Шалқып жүрген Шалманов», «Бал ұстаған бармағын жалайды», «Қадесіз қыз болмайды», «Алимент әке бола ма», «Бастық мырза, шофер ырза», «Цифр сылдыр, сын сылбыр», «Кесілген жолдың кесірі», «Бастық неге байбалам салады», «Ақша деген қағаз ба» сияқты бірнеше фельетондар мен сын мақалалары да бірнеше жинақтарға жүк болары сөзсіз.

Қалың оқырман мен жалпы халық ақынның алғашқы өлеңдері "Жалын" баспасынан шыққан "Атырау айдыны" кітабына енгенін, 50 жасқа толғанда 1996 жылы «Жырымды саған арнадым» атымен Алматыдан заңды нөмірін тіркетіп, әріптестері шығарып бергенін де жақсы білсе керек. Кейіннен Гүлзада Ниетқалиева екеуінің «Ақбота күнді аңсаумен» атты авторлық кітабы Ақтөбеден шықты. Сондай-ақ «Атырау айдыны», «Өмір жолы», «Әділет», «Жеңісті жақындатқан жандар», "Жүрек сыры", "Сезім жарқылдары" жинақтары шығып, оқырманымен қауышты. Журналистің зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отыруы қиын шаруа екені белгілі. Сол секілді аудандық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болған Сансызбай ағамыз да қоғамдық жұмыстардан тыс қалған жоқ.

Ол аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі бола жүріп, еліміз бен облыс, аудандағы түрлі маңызды шараларға үнін қосып, тіл жанашырларының да ортасынан табылып жүрді. Ал қарапайым журналист болса да ежелден-ақ Гүлжан жеңгей екеуінің қонақжай дастарханына еліміздің талай марқасқа азаматтары қонақ болып, дәм татқанын аңыз етіп айтуға лайық. Қажымұқанның рөлінде ойнаған Әлеуханнан бастап, өңірге келген журналистер, ақын-жазушылар Б.Исаев, С.Сейтқазин, Қ.Қамбаров, Е.Домбаев, мұраттанушы ғалым Б.Омаров, домбырашы Шәміл Әбілтай Өріккүлімен, Қойшығұл, сондай-ақ азды-көпті Табылды, тағы да басқа көптеген игі жақсыларға дәмін ұсынса, поэзия пірі Мұқағалимен де кездесіп, онысын үлкен шығармашылық туындыға айналдырып: Қандай сөз - есімде жоқ айта алмаспын, Әйтеуір, ел көңілін қайтармас сын, Бір жырын айтып беріп көңілдегі, Сол жолы шамырқана ой толғастым,-деген жолдардан тұратын балладасы оқырманын талай сүйсінткенін бөле атаған дұрыс.

Өмірде жыл жылжымай тұрмас айым, Күптігін көңілімнің бір басайын, Маңайда мен ұғатын адам сирек, Ақын ата, өзіңмен сырласайын,- деп қазақ өлеңінің пірі Абаймен де сан сырласып, ақ қағаз бен қаламға мұңын төгіп, мөлдірете жыр ақтарған Һәм ақын ағамызбен қоштасарда көпшілік оның мәуелі шаңырағынан түлеп ұшып, ізін басқан Саламат-Сәния, АзаматКлара, Асхат-Әйгерім, Ардақтай ұлқызына, немере-шөберелеріне көңіл айтты. «Өмірдің басы үміт, соңы-өкініш» деген осы ғой.

«Орны бар оңалар» дегендей, ортамызда отырған асыл жары Гүлжан апа мен ұл-қыз, немережиендеріне, туған-туысқандарына тағы бір көңіл айтып, асыл жан рухының шапағатына бөлене беруді тілейміз. Қош, асыл азамат, қадірлі Сәке. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын.

                                                                                                                                                                         "Дендер" газеті редакциясындағы

                                                                                                                                                                          әріптестері атынан Сүйеу ХАЛЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT