Елімізде ресейлік қанша ІТ компания жұмыс істеп жатыр? Бұл туралы ОКҚ-да IT саласын дамытуға қатысты өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT-саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде Astana Hub-қа 300-ден аса шетелдік компания тіркелген. Оның ішінде 200-ден астамы ресейлік ІТ компания. Олардың арасында PLAY X, EPAM, атақты Netcracker және осы сияқты басқа да атақты компаниялар келген, - деп айтты Ерсұлтан Ерманов.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT-саласын дамыту департаментінің директорының сөзінше, EPAM Қазақстанда мыңнан астам маман жұмыс істейді. Ал Netcracker Technology-де 230 қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Бұл еліміздің экономикасы үшін пайдалы деп ойлаймын. Осы компаниялар бізге келіп, сараптамасын біздің (Қазақстанның – ред.) мамандарға бөлісіп жатыр. Осы арқылы біздің мамандар экспорттық потенциалын арттырады, - деп түсіндірді Ерсұлтан Ерманов брифингте.