Индерліктер де кеселмен күресуге аттанды

Облыста індет асқынып, ауру жұқтырғандар қатары көбеюіне орай ауданнан да көмек қолын созуға жерлестеріміз аттанды.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2 сәуірде “Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру” туралы Жарлығы шыққан болатын. Аталмыш Жарлықта “Қазақстан қарулы күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнайы жиындарға шақырылсын” деп жазылған. Бұл міндетке Әскери міндеттілер – әскери есептегі азаматтар, әскери запаста тұрғандар тартылады.

"Қазақстанның қорғанысы және қарулы күштері туралы" заңына сай, арнайы әскери жиын төтенше жағдай кезде болатыны анық. Ғаламды жаулаған індетке қарсы бірлескен іс-шараларды атқаруға бағытталған осынау Жарлық аясында тиісінше жұмыстар басталып кетті.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ержан Кабаковтың айтуынша, ауданнан 4 фельдшер, 3 химик, барлығы 7 адам осы міндетті атқаруға бел буып, облыс орталығына аттанып кетті. Олар алдағы мамыр айының ортасына дейін облыс орталығында атқарылатын істерге жұмылдырылады. Яғни айтқанда дезинфекциялау жұмыстарын атқарады екен.

Салалық бөлім басшысының сөзінен ұққанымыздай, арнайы жиын кезінде әскери міндетті адамдар әскери қызметкер мәртебесіне және заңға сәйкес әлеуметтік сипаттағы жеңілдіктерге ие болады. Яғни, олар тамақпен, заттай, медициналық көмекпен қамтылады.

Сондай-ақ әскери міндеттілердің арнаулы жиын кезінде жұмыс орны, лауазымы сақталады. Егер жұмыссыз болса, онда ең төменгі айлық мөлшері (42 500 теңге) қаржы берілетін көрінеді.

К.СҰҢҚАР

Сурет дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521