Индер аудандық мәдениет үйінде Атырау жастар театры қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым - Қожа» спектаклін көрермендер назарына ұсынды.
Әр баланың жүрегінен ойып тұрып орын алатын, сүйіп оқитын, теледидардан ерекше ынтамен тамашалайтын көркем туынды озық үлгіде актерлердің шеберлігімен өзгеше өрбіді.
Қойылымда кішкентайынан әкесінен айрылып, әжесінің бауырында еркелеп өскен Қожаның басынан өткен қызықты оқиғаларды көруге болады. Ол қанша жақсы болуға тырысқанымен балалықпен бұзықтық жасап қоя береді. Сыныптасы тәртіпті, үлгілі Жанар есімді қызға ғашық болуы оны әрқашан алға жетелесе, Жантас, Сұлтан секілді замандастары оны жамандыққа итермелейді. Өміршең туындының соңы сүйген қызы Жанар мен ұстазы Майқанованың арқасында сыныптастарының сеніміне кіріп жақсы адам болуға серт беруімен аяқталады.
Қойылым соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жеміс Тілепқалиева Махамбет атындағы театрдан бөлініп, өз алдарына отау құрып бөлек шыққандарына аз ғана уақыт өтсе де жақсы актерлерімен, тамаша туындыларымен көптің көзіне түсіп, ықыласқа бөленіп жүрген өнер ұжымына алғысын айтып, әкімшіліктің атынан Алғыс хат пен сый ұсынды.
Атырау жастар театрының режессері Мұқанғали Томанов та ұжымның сыйын табыстап, көрермендерге алғысын айтып, бұл актерлердің ішінде жерлестеріміздің бар екенін айтып, Бекзат Төлепов (Қожа) пен Данир Мұхтарғалиев Өрлік, Нұрай Рахманова (Майқанова), Альбина Қалиева, Дария Қуанышкерей Есбол ауылының тумалары екенін жекелей таныстырып шықты.
Ақмарал БОКИРОВА