Атырау облысының 54 жастағы тұрғыны Ерлан Сабиров жеті ай бойы еңбек құлдығында болғанын айтып, әлеуметтік желі қолданушыларын дүрліктірді. Ер адамның айтуынша, ол Индер ауданында мал бағып, ешқандай ақы алмаған, үнемі бақылауда болып, құлдық жағдайында өмір сүрген.
— Мен мал бақтым, бірақ ондай өмір сүргім келмеді. Алғашқы мүмкіндікті пайдаланып қашып кеттім. Жаңа өмір бастап, отбасы құрғым келеді. Маған ештеңе берген жоқ — мен жай ғана құл болдым. Содан кейін Атырауға келдім, — дейді Ерлан Сабиров.
Қазіргі таңда ол Дамбы ауылдық округінде тұрып жатыр. Жеті ай бойы жанында болған адамның есімін есіне түсіре алмайтынын айтады. Ерлан көмек алуға және ауыр жағдайдан кейін қалыпқа келуге үміттенеді.
Алайда Атырау облысы полиция департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды. Ресми түсініктемеде:
— Әлеуметтік желіде мониторинг жасау кезінде анықталған дерекке қатысты дереу анықтау-тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 1971 жылы туған ер адамның еш жерде мәжбүрлі түрде немесе құлдықта болмағаны анықталды. Аталған азаматтың тұрғылықты мекен-жайы бойынша туыстарымен сөйлесілді, таралған ақпараттың жалған екендігі белгілі болды, — делінген полицияның хабарламасында.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды әлеуметтік желідегі ақпараттарды таратарда абай болуға және кез келген күмәнді жағдайға куә болса, бірден 102 нөміріне хабарлауға шақырады.
"Дендер" - Ақпарат