"Индер радио торабы өз жұмысын бастайды"

ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІ ЖУЫРДА МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ КӘСІПТІК МЕРЕКЕЛЕР ҚАТАРЫН ТАҒЫ БІР АТАУЛЫ КҮНМЕН ТОЛЫҚТЫРДЫ. АТАП АЙТҚАНДА, ОСЫ БАҒЫТТАҒЫ ҮКІМЕТТІҢ 2017 ЖЫЛҒЫ 31 ҚАЗАНДАҒЫ №689 ҚАУЛЫСЫ 34-2 БАБЫНА ЕНГЕН ТОЛЫҚТЫРУҒА СӘЙКЕС ЕНДІ 2021 ЖЫЛДЫҢ 1 ҚАЗАНЫНАН БАСТАП, ЕЛІМІЗДЕ РАДИО КҮНІ АТАП ӨТІЛЕДІ.

Сөйтіп, бұған дейін, яғни, 13 ақпанБүкіләлемдік, одан бұрынғы КСРО-ға қарасты елдердегі осы сала қызметкерлерін 7 мамырда құттықтасақ, енді 1 қазанда әр үйдің төріндегі бар жаңалық пен жақсылықтарды жария етіп, сан түрлі концерттер қойып, кездесулер ұйымдастырып, алыс-жақыннан түрлі жылы лебіздерді әрқайсымызға жеткізетін әріптестерімізге біздің де тыңдарман есебінде игі тілектер арнағанымыз жөн болмақ.

Оның үстіне бұл атаулы күн биыл 1921 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан Қазақ радиосының эфирге шыққанына 100 жыл толуымен орайласа келіп отыр. Бүкіл қазақ елінің бірлігі мен экономикасына, тарихына, мәдениеті мен әдебиетінің қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген Қазақ радиосының үнін естімеген адам елімізде кемде-кем болар. Онда жұмыс істеген Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев, Зәмзәгүл Шәрипова, тағы басқаларының есімдері мен сағынышқа айналған үндерін кім білмейді десейші! Сондықтан да бұл күні барша рад и о т ы ң д а у ш ы л а р м е н о с ы с а л а қызметкерлерін шын жүректен құттықтап, оларға денсаулықпен қатар зор ізденіс, шығармашылық шабыт тілеу парыз. Әрине, бұл саланың ауданымызда қызметкерлері көп болмауы да мүмкін.

Дегенмен, "Қазақ радиосы" мен "Шалқар", кейіннен ашылған Атырау радиосын тыңдаушылар, әсіресе ауылдарда, алыс мал жайылымдарда, қыстақтарда көп-ақ. Үнемі жолда жүретін жүргізушілер мен жолаушылардың да бірден-бір сырласы, бой мен ойды сергітер серігі де осы радио екені белгілі. Оны бүгінгі дамып кеткен ақпараттар кезеңінде де жоққа шығаруға еш болмайды. Бұл мерекелі күннің әуелгі қалыптасу тарихы 1895 жылы 7 мамырда (ескі стильмен 25 сәуір) орыс ғалымы А.С.Поповтың өз әріптестеріне алыстан дыбыстың тербелісін жеткізу жөніндегі жаңалығын таныстыруынан басталса, кейін бұл жаңалық түрлі өнертапқыштардың да қатысуымен жетілдіріліп, өмірге кеңінен енеді.

1925 жылы бұл жаңалықтың мән-маңызы ескеріліп, радионың 30 жылдығында Маркони сияқты өнертапқыштардың да бұл іске қосқан үлестері ерекше аталуы сондықтан. Ал, 1945 жылы осы жаңалықтың 50 жылдығына орай 1945 жылы радионың қоғам мен адамның дамуында, ел қорғанысын нығайтудағы айрықша үлесін ескере отырып Халық Комиссарлар Кеңесі бұдан былай 7 мамырды - Радио күні етіп белгілеген. Оның барлық мән-жайын көзі қарақты оқырман қауым өздері де жақсы біледі деп ойлаймыз. Бұл мерекені бұрынғы жылдары басқасын айтпағанда, КСРО мен Ресейді байланыс, радиотехника және радио журналистері кеңінен атап өтіп, өздерінің салалық күні танып келді. Сол жылдары әр аудандық газет редакциялары жанынан радио бөлімшесі жұмыс істеуіне байланысты оның біздің ұжымға да қатысы бар дегіміз келеді.

Аптасына екі рет ел мен ауданның жаңалықтарын кешке таман, "Қазақ радиосы" арқылы арнайы берілген уақытта эфирге шығып, 20-30 минуттай көпшілікті хабардар етіп отырушы едік. Сондықтан да сол кезеңнің біраз қызығы мен шыжығын көре қалған ұрпақтар өкілі ретінде ұзақ жылдар бірге жұмыстас болған өз әріптесіміз, марқұм, редакцияның радио бөлімінің аға тілшісі Қасқырбай Әжіғалиевті осы Радио күні құттықтайтынымыз да әлі есте. Қасекеңнің өзі соғыс жылдары ата-анасынан ерте ажырап қалып, қазіргі Құрманғазы ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, көп қиындықтарды бастан кешсе де өзі өте бір ақжарқын, шымыр да әзілқой, өте таза жүретін жан еді.

Бойының кішілігіне қарамастан иығына асып алатын ап-ауыр қара қобдишасын қайда барса да тастамай, арқалап, талай ауылдар мен қыстақтарда жиі болып, арнайы репортаждар, суреттемелер дайындап, жанұшырып жүрген әріптес ағамыздың бейнесі жадымызда. Кейде аудан бойынша жинақталған қысқа хабарлар мен соны жаңалықтар, жедел өткен партия жиналыстарын сол күні кеште өз үйіңдегі қабырғада тұратын кішкене радио қабылдағыштан тыңдау өте бір әсерлі болатын. Бүгінде қайдам, ол кезде жаңадан тапсырылған әр үйдің қабырғасында кіпкішкене радиоқабылдағыш ілініп тұратын еді.

Ал, әр ауылдың орталық алаңындағы биік бағанға орнатылған, халық ақ шелек атап кеткен радионың "Алматыдан сөйлеп тұрмыз", немесе "Таңертеңгілік спорттық жаттығуды бастаймыз" деп самбырлап тұрған үнінен-ақ оянып, жұрт жұмысына, оқушылар сабағына асығатын. Бұл радиолардың жұмысын сол кезде аудандық пошта мен телекоммуникация ұжымы, ал, әр ауылдарда бір-бір техникмамандар реттеп, уақытымен қосып, ажыратып отыратын. Кей күндері Қасқырбай ағай басқа жұмыстармен қолы тимей, болмаса іссапарларға кеткенде орнына сол кезде редакцияа жұмыс істейтін жас маман ретінде мен де барып, талай хабарларды жүргізген болатынмын. "Қайырлы кеш, қымбатты индерліктер! Индер радио торабы өз жұмысын бастайды" деп алып, алдын ала дайындап әкелген жаңалықтарды, өзімізше, 15 минутта қазақ радиосының жампозы Әнуарбек Байжанбаевқа еліктеп, нақпа-нақ анық етіп жеткізуге ұмтылатынбыз.

Осындайымызды бірде Табылды аға Биғазиев естіп, ертесіне "дауысың радиоға лайықты екен" деп мақтағанында төбеміз көкке жетпей қалғаны рас. Иә, бүгінде Индер радиосын, оның хабарын жүргізген Қасқырбай Әжіғалиев ағамызды да көпшілік біле бермейді, еске де алып жатпайды. Марқұм ағамыздың асыл жары Мүслифа апамыз екеуі қос қыз бен қос ұл өсіріп, оларға жоғары білім беріп, құтты орындарына қондырды. Қыздары Клара мен Света бүгінде шет елде тұрса, Азаматы құрылыс саласында, Саламаты ауданның үздік ұстаздарының бірі. Оны көргенде әріптес ағамызды қимастықпен еске алып жатамыз. Марқұм, сонау 50-інші жылдардың соңына таман Атырау педколледжін тәмамдап, Ақтауға аттанған бір топ атыраулық жас мұғалімдер арасында болып қоймай, спортшы, өнерпаздығымен дараланып, мақтаныштарына айналыпты. Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған" дегендей, апамыз екеуі шаңырақ көтеріп, Индерборға оралып, мұндағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте, "Борат" мәдениет үйінде, тағы басқа орындарда жұмыс істеп, ең ақырында аудандық "Дендер" газеті редакциясынан зейнеткерлікке шықты.

Қасекеңнің өнерін "Борат" сахнасында онымен бірге спектакль қойғанында, шымшымаларды екі иығын жұлып жердей басы бүтін беріліп, шебер оқығанында ду қол соққан көрермендермен бірге жетекшілеріміз Ерсайын Көшек пен Базекең, Базарғали Суханқұловтың өздері бас шайқап, ерекше риза болатын. "Біздің Қасекең сахнада жайнап кетеді, мүлдем танымай қаласың, ол от қой" деп көппен бірге қол соғып, шіркін, мәз-мәйрам болысатынбыз. Міне, сол Қасекеңдей жандардың бүгін мерекесі, ағайын! Ендеше, құтты болсын, мерекелеріңіз!

С.ХАЛЫҚОВ, баспасөз саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521