Бүгінгі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажеттігін мәлім ете отырып:
— Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар, — деген болатын. Осы орайда Мемлекет басшысы ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құруды тапсырғанын айтты.
Өз басым Президенттің Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет екендігін, бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиістігін, ветеринария мен фитопатологияның кенжелеп қалуы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілетін айтарлықтай шектеп отырғандығын, осы мәселеге айрықша назар аударған жөн деуі бүгінгі саланың ақсап жатқан тұсын дәл басуы дер едім.
Шынында да қой бағудың мәні осылай екен деп шұбыртып мал айдаудың заманы өткен. Тіпті бұрынғы ата-бабаларымызда мал бағудың тәсілін ерекше меңгеріп, жүн-тері, сүйегіне дейін кәдеге жаратқан. Жерді аздырмаудың, мал ауруының алдын алу амалын ойластырып отырған. Енді қазір ғылымның жаңаша дамыған кезі. Сондықтан ғылымсыз қай істе алға озбайды. Тек соны мамандар нақты ұштастыра білуі қажет. Ол үшін білікті кадрлар даярлауда күн тәртібіндегі мәселе.
Тілекқали Шманов,
Индер ауданының құрметті азаматы,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері