Кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда десек, кітапхана әркез оқырманымен құнды. Білімнің кәусар бұлағы кітап екені де белгілі. Кітап – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті. Мерекелік шығарылымды дайындау барысында орталық кітапханадан аудан бойынша кітапты кім көп оқитынын сұрағанбыз. Осылайша аққалалық Фарида Төлеуқызының жас оқырман екенін білдік.
Ол Аққала орта мектебінің 9-сыныбында оқиды. Кішкентай кезінен кітап оқуды әдетке айналдырған. Сол арқылы білім көкжиегін кеңейтіп, түрлі ғылыми жобаға, олимпиадаға қатысыпты. Айтуынша, Бердібек Соқпақбаев, Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жақсы көріп оқиды екен.
– Мен кішкентай кезімнен бастап, білімнің биік шыңы кітапта екенін және ондағы рухани азықтың соншалықты құнды екенін біліп өстім. Өйткені, ғылыми жобаға, кітап желісі бойынша өткізілетін олимпиадаларға қатысып жүрдім. Сәйкесінше әр жұмысыма керекті ақпаратты кітаптан таптым. Бәлкім, өзгелердің мені сөз саптауы жақсы, жеткізген ойы нақты деп мақтайтыны да содан шығар деп ойлаймын. Өзіме барлық кітап құнды. Десе де өмірдің мәнін ұғындырып, оны шытырман оқиғалармен ұштастыратын кітаптар қатты ұнайды. Атап айтсам, Джек Лондонның "Теңіз қорқауы", Берқайыр Аманшиннің "Махамбеттің тағдыры" атты кітаптар жүрегімнен ойып тұрып орын алды. Көбінесе кітапхананың шараларынан қалмауға тырысамын. Өйткені ол кітаптарды оқымасам да біршама мағлұмат алып, таным көкжиегімді кеңейтіп қайтамын, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Ол мектепте де үздік дарынды оқушылардың қатарында. Бүгінде облыстық "Балалар оқулары" байқауының "Кел, балалар, оқылық" жасөспірімдерге арналған кітаптар бағыты бойынша ІІ орын, республикалық "Тіл - құндылық" байқауының ІІ орын, облыстық Мұқағали Мақатаев оқуларының ІІ орын иегері атанған және "Білгенге маржан" жобасы аясында өткізілген кітап оқу сайысында үздік 15 оқушының қатарына енген. Иә, қазіргі жаһандану заманында жастардың білімге ұмтылып, кітап оқу мәдениетін дамытуы – ұлттың зияткерлік және мәдени деңгейін көтерудің маңызды шарты.
Сондықтан кітап оқуға құмар жастарымыз көбейсе, Президент айтқан жастардың кітап оқу мәдениеті қалыптасар еді.
Ж.НАРИМАНОВА