Ерлігі оның мәңгі есте...

 

Даңқты жерлесіміз Боран Нысанбаевтың ерлігіне 6 ақпанда тура 80 жыл толады. Адам баласының кейбір есте қалар күндері болады, көпшілігі ұмытылады.  Бұл енді табиғат заңдылығы және қайталанбайды да. Бірақ, батырлық, ерлік, еш уақытта ұмытылмайды. Қайта жыл өткен сайын ерліктің мән-мағынасы биіктей береді. «Ешкім де еш нәрсе де ұмытылмайды» деген қағида осыдан шықса керек.

Осыдан 82 жыл бұрын басталған Екінші Дүниежүзілік соғыс 20 млн. адамның өмірін қиды, яғни, талай боздақ елге оралмады. Осы соғысқа Индер ауданы бойынша 3800-ден аса адам аттанып, 1855-і туған елге оралмай, майдан даласында қалды.

Ал, Көктоғай (бұрынғы Зеленый) селолық округі бойынша ауылымыздан 447 азамат өз Отанын қорғау үшін соғысқа аттанды. Оның 347-і соғыс майданында жаумен кескілескен соғыста қаза болды. Сол соғысқа кеткен азаматтардың ішінде Боран да бар еді. Батыр жерлесіміз туралы повесть, пьеса, поэма жазылды, ерлігі талай шығармаларға арқау болды.

Боран өзінің өшпес ерлігін Орел облысының Покровск ауданы Лески деревнясын жаудан азат ету кезінде көрсеткен. Бұл 1943 жылдың 6 ақпаны болатын. Көптеген жылдар ерліктің құпиясы ашылмады. Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында Боран ерлігі жария болды.

1943 жылдың 6 ақпан күні 137 атқыштар дивизиясының 771 атқыштар полкінің І батальоны 40 минуттық күшті артиллериялық әзірліктен кейін, сағат 10.00-де Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясын жау қолынан алу үшін, шабуылға шығады. Оқты қарша боратып тұрған жау дзотын құртпайынша, алға жылжу мүмкін болмады. Полк командирі Гординенко өте қатерлі тапсырманы кім орындар екен деп біраз ойланды да, жауынгерлерге жау дзотын құртуға бұйрық береді. Сол кезде қатардағы жауынгер 1-ші минометшілер ротасының минометшісі, «Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері Боран Нысанбаев өзі сұранып, жау бекінісін жоюға қасына екі жауынгер ертіп, жау дзотына қарай еңбектей жөнеледі. Қасындағы екі жауынгер бекіністі жоюға қанша ұмтылғанымен, ештеңе шығара алмай, орта жолда оққа ұшады. Бұны көрген Боран шыдап тұра алмады. Боран гранаталарды бірінен соң бірін лақтырса да, нысанаға тигізе алмады. Ол амалсыз қайта оралып, тағы да гранаталарды толтыра, межелі жерге қайраттана ұмтылды. Бірақ бұл жолы да жау дзотын қирата алмады. Үшінші рет бауырымен жер сызып, қайсар жігіт беліне гранаталарды толтыра байлап, қолына танкіге қарсы лақтыратын екі граната алып, тапсырманы орындауға кірісті. Дзот тұрған сайдың тасалау жерін жапсарлап, жылжып жау бекінісінің ашық жағынан келіп, көз ілеспес шапшандықпен жау дзотына бір-ақ атылды. Осы сәт адам айтқысыз құлақ тұндырған жарылыстан дзоттың күлі көкке ұшып, жау дзотының ойраны шықты. Оқ сап тыйылысымен полк жауынгерлері «уралап» алға жылжып, шабуылды жалғастырды. Талқандалған жау бекінісінің орнында немістің 28 офицері мен жауынгерлердің өлігі және комсомол мүшесі Боранның денесі табылды. Сөйтіп, дәл осы жерде Боран Нысанбаев қаһармандықпен қаза табады. Полктің командирі Гордиенко мен дивизия командирі Алферов сол күні қазаға ұшырағаннан кейін Боран Нысанбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына және «Ленин ордені» мен «Алтын Жұлдыз» медалін қоса тапсыруға ұсыну жөніндегі құжаттарды рәсімдеуге кіріскен екен. Теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғары Кеңес Президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі Жарлығы бойынша қатардағы жауынгер Б.Нысанбаевқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі.

Боранның сүйегі өзі бұзған дзоттың жоғарғы жағында 4-5 метр жерде қойылған.  Боран Нысанбаевтың Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны көп уақытқа дейін белгісіз болды. Себебі, Боранның әскери билетіндегі сиямен жазылған оның ата-тегі, батыр атағына ұсыну жөніндегі құжаттарды асығыс рәсімдеу кезінде қапелімде дұрыс танылмағандықтан, орыс командирі оны «Нысанбаев» деп жазудың орынына «Исамбаев» деп қате жазып жібергендігі анықталды. Соның кесірінен жерлестері мен туған-туыстары оның ерлігін көпке дейін білмей келді.

1963 жылы Боран Нысанбаев туралы деректер жинақтаушы, Верхно-Жернов сегізжылдық мектебінің тарих-география пәнінің мұғалімі Александр Матвеевич Акулининің бастауымен  «Қызыл ізшілер» отрядының мүшелері мен жерлесіміз, өлкетанушы Кенжеғали Қайыптың ерінбей ізденуі нәтижесінде Боран Нысанбаев екендігі әбден анықталды.

Батырдың туған жері оның ерлігін қастерлейді және мақтан тұтады. Қазақ КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1965 жылғы 23 сәуірдегі № 324 қаулысы бойынша Зеленый орта мектебі Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы 8 жылдық, кейіннен орта мектебі деп аталды.

Мектеп ауласында Батырымызға арналған ескерткіш және сол жылдан бастап Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген мұғалімі, Б.Нысанбаевтың өмірін зертеуші Тұрғалиева Мүнира апайдың қолдауымен Боранға арналған бұрыш жасақталып, кейіннен музей дәрежесіне дейін жеткен болатын.

2011 жылдың 27 тамызынан бастап Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің Боран Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» музей бөлімшесі болып қайта жасақталса, 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қолдауымен Көктоғай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратына көшіріліп, заманауи үлгіде жасақталды.

Қазіргі таңда музейіміз өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа баулуда. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін орын осы орталық болады деген сенімдеміз.

Боран ерлігін біз әркез ұмытпаймыз, мәңгілік жадымызда сақтаймыз!

 

Нұрлыгүл ҚУАТОВА,

Боран Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» музейінің меңгерушісі,

Көктоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521